Жаңалықтар

Алмат Кебіспаев – күміс жүлдегер

Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ұлттық құраманың үздігі Алмат Кебіспаев күміс жүлдегер атанды. Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесуде Алмат жапониялық Цучика Шимоямадамен кездескен болатын.  Тартысты белдесудің бірінші кезеңінде Кебіспаев 7:0 есебімен алда тұрды. Алайда, екінші кезеңде күш алған қарсыласы бірнеше рет сәтті әдістер жасап, 12:5 есебімен жеңіске жетті.  Осылайша, тәжірибелі балуан Алмат Кебіспаев Азия біріншілігінің күмісін қанағат тұтты. Бұл Алматтың Азия біріншіліктерінде жеңіп алған бесінші медалі. Бұған дейін ол құрлық додасында екі рет топ жарып, екі рет күміс медаль иеленген.

«Азия чемпионаты елімізде өтіп жатқан соң, жауапкершілігі қашан да ауыр. Бұл біріншілікке жақсы бабымда келдім. Жеребе де оңай болды дей алмаймын. Финалдағы қарсыласым жапондық балуанды 2018 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының финалында ұтқан едім. Бұл жолы қай жағынан алсаң да, қарсыласымның бағы жанып тұрды. Есепті 8:0-ге жеткізіп, мерзімінен бұрын да аяқтауға болатын еді. Қарсыласымды тепе-теңдіктен шығарып, әдіс жасамақ болған сәтімді жапондық жақсы пайдаланып кетті. Бұл турнирдің алтыны бұйырмай тұр екен. Күресте бір сәт, бір мүмкіндік бәрін шешіп кетеді.   Ал лицензиялық турнирге келер болсам, былтырғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен соң Италиядағы рейтингілік турнирде үшінші орын алдым. Сол бәсекеде Мейіржан Шермаханбет алтын алды. Бапкерлер осы нәтижені ескеріп, лицензиялық турнирге Мейіржанды қосты. Біздің командада үш салмақта жолдама жоқ. Соңғы іріктеу турнирі қалды, оған кім баратынын бапкерлер өздері шешеді. Қандай да бір спарринг болмайтын шығар», – деді Алмат финалдан кейінгі сұхбатында.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button