Дирекция туралы

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 2 ақпандағы №112-314 қаулысына сәйкес «Олимпиадалық спортты дамыту дирекциясы» «Астана қаласының спортты дамыту дирекциясы» болып өзгертілді. Алайда бұл мекеменің тарихы осы күннен басталады дегенді білдірмейді. Аталған ұйым бұған дейін де өз қызметін жүзеге асырып келген. Бұл өзгеріс спорт саласына жаңа серпін беріп, спорттық жетістіктерді арттыру мақсатында қабылданды. Басты мақсатымыз – жаттықтырушылар мен спортшыларға жан-жақты қолдау көрсету. Осыған байланысты, қаладағы барлық санаттағы спортшыларға (жасөспірімдерден бастап ересектерге дейін) жауапты мекеме оларды оқу-жаттығу жиындарына, жарыстар мен дайындық лагерлеріне жіберуді жалғастырып, туындайтын мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдайды.

Жаңадан құрылған басқарманың қызмет аясы оның мүмкіндіктеріне сәйкес кеңейтілді. Бүгінде мекеме тек олимпиадалық спорт түрлерін ғана емес, жалпы Астана қаласындағы спорт саласын толық қамтиды. Дирекцияға 56 спорт түрін және 3 мыңнан астам спортшыны үйлестіру міндеті жүктелген. Бұл қатарға жазғы және қысқы олимпиадалық, ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері кіреді.

Сонымен қатар, жалақы алатын спортшылар саны да едәуір артты. Бұл шаралардың барлығы сала дамуын жандандырып, жергілікті жастар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Себебі бұл – қаланың ғана емес, тұтас елдің имиджімен тікелей байланысты.

Мекеме атауынан аңғарылғандай, негізгі мақсат – осы спортшылардың арасынан әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу, аталған салада көшбасшы болу. Түптеп келгенде, бұл кәсіби, әуесқой және бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Бүгінде ұлттық денсаулық мәселесінің маңызы ерекше.

Back to top button