Жаңалықтар

Тарихи жарыстағы тарихи жетістік

12 алтын, 12 күміс және 12 қола. Бас-аяғы 36 медаль. Қазақстан құрамаcы құрлықтық додада осынша жүлде олжалады. Сұрмергендер сайысы Шымкентте өткен еді. Жерлестеріміз жалпы есепте бірінші орынға тұрақтады. Қалыптасқан жағдайға байланысты былтыр бұл бәсеке болмай қалды. Биыл айтулы аламанды Шымкент қабылдады. Дүбірлі додаға 10 елден 180-ге жуық қатысушы жиналып, ә дегеннен жарысқа ден қойды. Әсіресе, жарлестеріміз жерге қаратқан жоқ. Алғашқы күннен жүлдегерлер қатарына ілігіп, жалпы есепте көш басына шықты. «Қазақстандық спортшылар бұл жарысқа тыңғылықты дайындалды. Бірнеше іріктеу сыны ұйымдастырылды. Нәтижесінде, ұлттық құрама жақсы өнер көрсетті. Әсіресе алматылық Ислам Усейновты ерекше атап өткім келеді. Ол рекордттық көрсеткішке қол жеткізді. Соның арқасында жекелей және командалық сында жүлдеге ілікті. Бұған қоса, Зухра Ерназарова, Андрей Худяков және  Елдар Иманқұловтар жеңіс жолын жалғай түсті» – дейді  Спорттық ату түрлерінен Қазақстан федерациясының атқарушы директоры Анвар Юнусметов.

Құрлық додасы ерсектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтті. Қай-қайсынан да Қазақстан спортшылары алдына жан салмады. Жалпы есепте Өзбекстан, Индонезия, Тайланд сияқты азулы құрамаларды артта қалдырды. «Ашығын айтайын, Шымкентте Азия чемпионаты болады деп ойламадым. Бұл отандық спорт үшін тарихи оқиға. Ал, бізге қосымша жауапкершілік. Өйткені, өз алаңымызда есе жіберуге болмайды. Бәсеке барысында намысқа тырыстық. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын» дейді ұлттық құрама мүшесі Андрей Худяков,.

Иә, Шымкенттегі дода Қазақстан құрамасының жеңісімен қатар, жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен есте қалды. Осыны ескерген құрлық конфедерациясы енді бұнда лицензиялық турнир өткізуге мүмкіндік қарастырады. Яғни, Азия чемпионаты не Әлем кубогын өткізу құрметі бұйырады. Ол жерде Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады деген жоспар бар.  Ұлттық құраманың басы-қасындағылар бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды дейді. Енді алдағы жарыстарда қазақстандық спортшылар Азия үздігі екенін дәлелдей түсу керек.

Автор: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button