Теннисшілер рейтингі өзгермейді
Кәсіпқой теннис ассоциациясы (ATP) коронавирусқа байланысты спорттық жарыстар уақытша тоқтатылған соң жыл аяғына дейін спортшылардың рейтингі сақталатынын мәлімдеді.Спортшылардың рейтингі наурыздың ортасынан бастап спорттық жарыстармен бірге уақытша тоқтатылғанды. Жуырда АТР басшылығы теннисшілердің рейтингі 2020 жылдың соңына дейін сақталатынын айтты. Десе де спортшылар биылғы күнтізбеде сақталған турнирлерде былтырғы жылға қарағанда жақсы өнер көрсетсе, қажетті ұпайын жинай алады. Бірақ ұпайы 2021 жылы рейтинг ережелері бұрынғы қалпына келгенде ғана қосылады. АТР пікірінше, жаңа рейтинг жүйесі денсаулық жағдайына немесе қауіпсіздік мақсатында 2020 жылғы турнирлерге қатысудан бас тартқан барлық теннисшілерге қатысты әділ әрі қолайлы шешім болмақ. Қажет болған жағдайда бұл жүйе әрі қарай күнтізбедегі өзгерістерге сай бейімделуі мүмкін.