Жаңалықтар

Еркін күрес шеберлерінің дайындығы

Медициналық бетперде және екі метрлік аралық. Елордадағы еркін күрес шеберлері осындай форматтағы дайындыққа кірісті. Николай Альмурзиев жаттықтыратын жігіттер ұзақ үзілістен кейін қайта бапқа келе бастады. Бірақ, қалыптасқан жағдайға байланысты оның барысын өзгерткен. Яғни,  бұдан былай спортшылар сақтық шараларын басты назарда ұстайды. Жекелей жаттығулар белгілі бір қашықтықта жасалады. Ал, белдесу элементтері бір ғана қарсыласпен және басқаларынан алыстау жерде қайталануы қажет. Сырттай қарағанда сәл күрделі, ал, спорттан хабары жоқ адамдарға, тіпті, күлкілі де болып көрінуі мүмкін. Бірақ, «дәл қазіргі жағдайда бұнсыз болмайды», – дейді бас бапкер.

Николай Шамсутдинұлының жетекшілігінде 40-қа жуық жігіт бар. Яғни, әр салмақта 3-4 батырдан. Шеттерінен сен тұр мен атайын. Оған дәлел өткен жылғы конфедерация кубогы. Елорда өз тарихында алғаш рет еркін күрестен  байрақты бәскенің бас жүлдесін жеңіп алды. Яғни, еліміз бойынша нөмірі бірінші команда қазір осы. Қала берді бұндағы 4 спортшы ұлттық құрама5а алынып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Сондықтан, қай-қайсы да карантин тәртібінің жеңілдегенін, әсіресе,  оның спортқа қатысты тұстарын жіті назарда ұстайды  және әр өзгерісті өз әзірліктерімен тиімді ұштастыруға тырысады.

Айтпақшы, фитнес орталықтар жұмысына рұқсат берілуі еркін күрес шеберлері үшін  жақсы болды. Өйткені, бұнда да темір-терсектер көтеріп, күш пен қайратты жетілдіру өте маңызды. Енді түсініксіз болып тұрғаны  спорттық залдардың жұмысы мен ресми жарыстар кестесі. Алғашқысына рұқсат берілгендей болды.  Бірақ, олардың нақты қалай жұмыс жасайтыны, әсіресе, осы жігіттер дайындалатын бозкілемдерге қатысты қандай талаптар бары белгісіз. Бірақ, бұл мәселе бірер күнде реттеліп қалуы қажет. Ал, жарыстарға қатысты әзірге ештеңе айтылмады.

 Сөздің шыны керек, карантинннің кесіренен болайын деп тұрып болмай қалған нәрселер қаншама?! Бұл құбылыс, әсіресе, кәсіпқой спортшылар үшін айтырлықтай ауыр. Өйткені, олар физикалық бабын бірте-бірте жетілдіріп, белгілі бір уақытта шарықтау шегіне жеткізеді. Дәл осындай кезде  жарыстың болмайтынын білгенде күйзеліске түспей қайтсін? Міне, осы тұста бапкерден бөлек, басқа да мамандардың іске араласқаны абзал. Мәселен, елордадағы «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебінде психолог бар. Сәйкесінше, дәл осы еркін күрес шеберлері кез-келген уақытта оның көмегіне жүгіне алады. Бұған қоса, мекеме жуырда спорттық дәрігермен де толықты. Яғни, алғашқы ауыр жаттығулардан кейін жарақат алмау не карантин кезінде қосылған салмақтан арылуға қатысты мәселелер енді болмау керек деген сөз.

Қалай болғанда да еркін күрес шеберлеріне сәттілік тілейміз. Өйткені, бұл еліміз бойынша қарқынды дамып жатқан және олимпиададан медаль күтілетін спорттық бағыттың бірі. Сондықтан, карантин талаптарының жеңілдеуі палуандардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік ашады деген үміттеміз. Дәл осылай қазір басқа да спорт түрлерінде қызу қарбалас басталды. Әсіресе, олимпиадаға жолдама алып қойғандар мен жолдама алуды көздеп жүргендерге барлық жағдай жасалмақ. Жоғары жақтан осындай түзу көзқарас бары қуантады. Өйткені, оның артында ел иммиджінен бөлек, ұлт саулығы деген дүние тұр. Ал, бұл қазіргі таңда маңыздылығы жағынан ең алдыңғы қатарда.

 АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button