Жаңалықтар

Әлем чемпионатында топ жарғандар (фото)

2 алтын, 2 күміс және 1 қола. Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатынан осындай олжамен оралды. Оларды бүгін елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Боксшыларымыздың көңіл-күйлері керемет. Әп-сәтте езулеріне күлкі үйіріліп, құшақтары гүлге толды. Бұл қыз-жігіттер осынша құрметке лайық та. Өйткені, әлемдік аламанда жерлестеріміз 5 бірдей жүлде еншілеп, жалпы есепте Украина, Өзбекстан, Куба сияқты елдерден асып түсті.

Санжар Ташкенбай жерлестеріміз арасынан ең алғаш болып жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 49 келіге дейінгілер арасында қарсылас шақ келтірмеді. Одан кейін орта салмақтағы Сабыржан Аққалықов жеңіс жолын жалғай түсті. Күміс жүлде 56 келідегі Ерболат Сабыр мен 60 келідегі Елнұр Сүйінбайға бұйырды. Ал, 75 келіде сынға түскен Диас Молжігітов қола жүлдегер атанды. Бұның барлығы жарыс алдындағы дайындық пен бас бапкер стратегиясының арқасы дейді спортшылар. Ал, сала мамандары тағы бірер алтын алатын мүмкіндік болды. Төрешілер қастандық жасады деген пікір білдіріп жатыр.

Жарайды, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Қалай болғанда да жігіттер намысты қолдан бермей, ел абыройын асқатып қайтты. Енді осы нәтижені олимпиада ойындарында қайталаса деген үміт бар. Өйткені, Токиодан кейінгі, яғни, 2024 және 2028 жылғы жазғы ойындарда еліміз атынан дәл осы жігіттер қатысып қалуы әбден мүмкін.

Әлемдік аламандағы нәтиже, әрине, үлкен жетістік. Басқа жағынан, үлкен жауапкершілік те. Яғни, алдағы айтулы аламандарда жас боксшылар тағы да өз мықтылығын дәлелдеп, тіпті, одан асып та түсуі қажет. Сондқытан, Қайрат Сәтжанов баптайтын жігіттер енді сәл тынығып, бірер аптадан кейін қайтадан дайындықа ден қояды.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button