Жаңалықтар

Карантиннің отандық футболға әсері

Қазақстан Футбол Федерациясы 3 шілде күні премьер лига ойындарын 14 күнге тоқтату туралы шешім қабылдады. Мұның алдында премьер лига ойындары наурыз айында басталғаннан кейін екі тур ғана ойнап үлгерген еді. Енді тағы екі аптаға үзіліс жарияланса, футболсүйер қауым тағы да ҚПЛ ойындарын тамашалау мүмкіндігінен айырылады.

Осылайша биылғы чемпионат іс жүзінде жаз соңына қарай ғана «басталайын» деп тұр. Еуропа мемлекеттері карантиннен ерте шыққандықтан чемпионаттарын да ерте жалғастырып, қазір өз қалыптарына келіп үлгерсе, қазақстандық футбол Еуропа лигасының іріктеу ойындарына дайындықсыз бармақ.

Алайда өздігінен үй жағдайында дайындықтарын жалғастырып жатқандар да бар. Мысалы, «Астана» сапына биыл жаңадан қосылған, бұған дейін Копенгагеннің негізгі шабуылшысы болған Пьерос Сотириу мен елордалық клубтың тағы бір ойыншысы Дорин Ротариу да дайындықтарын тоқтатқан жоқ. Бұл туралы футболшылар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты хабарлап отырады.

Алайда, премьер-лига ойыншыларының барлығы осылай дайындықтарын жалғастырып жатыр дей алмаймыз. Көпшілігінің үй жағдайында дайындалу мүмкіндігі болмауы да ықтимал. Оның үстіне, өздініен жасалған дайындық чемпионат уақытындағыдай қызу болмайтыны анық.

Ел бойынша қатаң карантин жарияланғанымен, қоғамдық орындар мен мекемелер қалыпты жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Олай болса, Қазақстан Футбол Федерациясының премьер лига ойындарын тоқтатып қойғаны ақылға қонымсыз. Көрермендердің футбол тамашалай алмауы өз алдына, ең бастысы Қазақстан атын Еуропаға танытып жүрген клубтар Еуропа лигасының іріктеу ойындарын мүлде дайындықсыз бастағалы тұр. Бұл, әрине, командалардың ойынына үлкен зиянын тигізбек. Мәселен, қазақстандық командалардың іріктеу кезеңіндегі қарсыластары Шотландия, Хорватия, Кипр, Израиль, Беларусь секілді елдердің клубтары сақадай сай дайын болады. Өйткені ол елдерде чемпионат қайта қалыпты режимге түсті. Ал Беларусь тіпті өз чемпионаттарын тоқтатқан жоқ.

Жыл сайын іріктеу кезінде онсыз да жоғарыда аталған елдердің клубтарынан сүрініп жүрген Қайрат, Тобыл, Ордабасылар биыл тіпті әлсіз болатыны анық. Ал жыл сайын топтық кезеңге дейін жетіп жүретін Астана биыл іріктеу кезеңінен сүрінсе, таң қалмаймыз.

Сол себепті Қазақстан Футбол Федерациясы чемпионатты тоқтатпауы керек еді. Еуропа лигасының іріктеу ойындары 18/19 тамызда басталады десек, екі ай карантиннен кейін чемпионат қайта жалғасты деген күннің өзінде бір ай уақыт отандық клубтардың қалыпты ойындарына түсуіне жетпеуі мүмкін.

АВТОР: МАҒЖАН МОЛДАХМЕТ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button