Асқар Еркебаев: өте жақсы жиын өтті
Жуырда ғана бокстан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Айта кету керек, былғары қолғап шеберлері ұзақ үзілістен кейін ең алғаш болып кешенді әзірлік өткізген еді. Елордалық спортшыларды бастап барған білікті бапкер Асқар Еркебаев санитарлық талаптар аса қатаң болғанын алға тартады. Еліміздегі бірінші және екінші нөмірлі жігіттер алдымен короновирусқа қатысты тест тапсырған. Абырой болғанда, барлығы дін аман. Соның өзінде жаттығу жұмыстары алғашқы аптада тек далада болды. Содан кейін барып, біртіндеп залдағы дайындыққа кіріскен.
«Өте жақсы жаттығу жиыны өтті. Оған қатысты жоспар жүйелі жасалған. Спортшылармен жан-жақты жұмыс істедік. Әсіресе, тастармен дайындалуға басымдық берілді. Тауға шығып, кросс жүгірдік. Әр элементті 3-4 мәрте қайталадық. Жігіттер кәдімгідей «жиналып» қалды. Біраз уақыт үйде демалды ғой. Сондықтан, жаттығуларды жай-жаймен бастап, екіпінін күшейте түстік. Үйге жақсы көңіл-күйде оралдық» – дейді «Толағай» ЖСШМ бапкері Асқар Еркебаев.
Айта кетейік, оқу-жаттығу жиыны маусымның 1-і мен 18-і аралығында Алматыдағы «Ақбұлақ» спорт орталығында өтті.