Астаналық зілтеміршілер Қазақстан чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді

2026 жылдың 16–22 қараша күндері Астана қаласында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Ел біріншілігіне 16 командадан 165 спортшы қатысып, сегіз салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.
Жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Маргарита Ермакова Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Спортшы жұлқа көтеруде 94 келі, серпе көтеруде 118 келі нәтижесін көрсетіп, қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келіні бағындырды. Осылайша, ол үш алтын медаль иеленді.
Ал +86 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен София Шешукова күміс жүлдегер атанды. София жұлқа көтеруде 101 келі, серпе көтеруде 127 келі көтеріп, қоссайыс нәтижесі бойынша 228 келі көрсетті. Сонымен қатар, ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Ерлер арасында Едіге Емберді екі күміс медаль жеңіп алды. Спортшы серпе көтеруде 193 келіні бағындырып, күміс жүлдеге ие болса, қоссайыс қорытындысы бойынша 345 келі нәтижемен тағы бір күміс медаль еншіледі.
Астаналық спортшыларды және олардың бапкерлерін Қазақстан чемпионатындағы нәтижелерімен құттықтаймыз!






