Сабыржан Сағым — Азия чемпионы

3–15 мамыр күндері Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан U15 және U17 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық додада Астана қаласының спортшылары ел намысын абыроймен қорғап, қос алтын медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, аса ауыр салмақта, яғни 80+ келіде өнер көрсеткен Астана қаласының спортшысы, былғары қолғап шебері Сабыржан Сағым финалда ирандық Мухаммедясин Заирмен қолғап түйістіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Осылайша елордалық боксшы Сабыржан Сағым Азия чемпионатының алтын медалін иеленіп, Қазақстан қоржынына тағы бір жеңіс сыйлады.
Бұған дейін U15 жас санатында 55 келі салмақта Нұрислам Бактубаев та Азия чемпионы атанған еді.
Елордалық былғары қолғап шеберлерін және жаттықтырушылар құрамын жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!



