Президент VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлерді марапаттады.
Президент ұлттық құраманың дүбірлі додада жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын атап өтіп, спортшылардың жеңісі ел мерейін асқақтатқанын айтты.
– Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының дәстүрлі садақ атудан аға жаттықтырушысы Диас Ахметов және мангала (тоғызқұмалақ) бойынша VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында командалық есепте алтын медаль иеленген Биғали Зкрияев Мемлекет басшысының қолынан марапат алды.
t.me/aqorda_resmi






