Астаналық балуан Бағдат Сабаз әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Астана қаласында өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында елордалық балуан Бағдат Сабаз қола медаль жеңіп алды.
Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшымыз үшінші орын үшін өткен шешуші белдесуде Әзербайжан өкілі Хасрат Джафаровпен кездесіп, қарсыласын 7:5 есебімен жеңді.
Бұған дейін Бағдат Сабаз ширек финалда Иран өкілі Саид Эсмаилиге есе жіберген болатын. Алайда ирандық балуан финалға шыққандықтан, елордалық спортшы жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Жұбаныш кезеңінде Бағдат Қытай өкілі Цзинь Синьсиньді 8:5 есебімен жеңіп, қола медаль үшін белдесуге жолдама алды.
Осылайша, елордалық балуан әлем чемпионатында үздік үштіктің қатарына еніп, Қазақстан құрамасының қоржынына қола жүлде салды.
Бағдат Сабазды әлем чемпионатының қола жүлдесімен құттықтаймыз!




