Көшпенділер ойындарында мангаладан (тоғызқұмалақ) елорда спортшылары жүлделі орындардан көрінді

Бүгін Қырғыз Республикасында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте І орын иеленді. Елорда спортшылары да ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелер көрсетті.
Атап айтқанда, зияткерлік спорт түрі – мангаладан (тоғызқұмалақ) ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы 46 мемлекеттің арасынан І орын алып, жарыс жеңімпазы атанды. Құрама сапында Астана қаласының спортшысы Биғали Зкрияев өнер көрсетті.
Жеке есепте Биғали Зкрияев 59 спортшының арасынан ІІ орын иеленіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал әйелдер арасындағы мангаладан (тоғызқұмалақ) Қазақстан құрамасы 30 мемлекеттің арасынан ІІ орын алды. Құрама сапында елорда спортшылары Құндыз Есіркеп пен Гүлнара Базаралиева өнер көрсетті.
Жеке есепте қос спортшымыз да жүлделі орыннан көрініп, қола медаль еншіледі. Бұл бәсекеде барлығы 50 спортшы бақ сынады.
Айта кетейік, бұған дейін дәстүрлі садақ атудан «Орта Азия» нысанасы бойынша Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан күміс жүлдеге ие болған еді.
Осылайша, елорда спортшылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасының жүлде қоржынына өз үлестерін қосты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларымызға алдағы жарыстарда толағай табыс тілейміз!






