Жаңалықтар

Азиада-2026: елордалық боксшы Айбек Оралбай — Азия ойындарының чемпионы

Елордалық боксшы, әлем чемпионы Айбек Оралбай Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

+90 келі салмақтағы финалдық кездесуде Айбек Оралбай Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты. Жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап қос боксшы белсенділік танытқанымен, кездесу барысында қазақстандық спортшы дәл соққыларының арқасында басымдыққа ие болды.

Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Айбек Оралбай 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, елорда спортшысы XX жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Айбек Оралбай алтын медальға жету жолында ширек финалда қырғызстандық Мирзакир Кошалиевті 5:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Үндістан өкілі Нарендерді дәл осындай есеппен ұтты.

Айбек Оралбайдың алтын медалі Қазақстан құрамасының осы Азия ойындарындағы 11-ші алтыны болды.

Фото: Сали Сабиров

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button