Астанада шахматтан Қазақстан чемпионатының финалдық турнирі басталды

Бүгін Астана қаласында ерлер мен әйелдер арасында классикалық шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатының финалдық турнирінің алғашқы жүріс рәсімі өтті.
Алғашқы жүрісті Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әбсеметова Алия Маратқызы және Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Тамшыбай Бекзат Сағатұлы жасады.
Аталған додаға еліміздің үздік шахматшылары, сондай-ақ халықаралық аренада өзін танытып үлгерген жас таланттар қатысуда. Жарыс Open және Women санаттары бойынша ұйымдастырылып, айналмалы жүйе негізінде өтеді. Турнир 13 турдан тұрады және классикалық уақыт бақылауымен өткізіледі.
Финалдық кезеңде елордалық спортшылар да бақ сынауда. Атап айтқанда:
Қазбек Нөгербек, Айару Алтынбек, Меруерт Камалиденова, Амина Қайрбекова, Сауат Нұрғалиев, Ерғали Сүлеймен, Сатбек Ахмединов, Аланна Берікқызы.
Турнирдің жүлде қоры Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен 20 миллион теңгені құрайды. Ерлер мен әйелдер арасында жеңімпаздар 3 миллион теңгеден, күміс жүлдегерлер 2,2 миллион теңгеден, ал қола жүлдегерлер 1,5 миллион теңгеден иеленеді.
Сонымен қатар, жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға жолдамалар сарапқа салынады. Жеңімпаздар халықаралық жарыстарда, оның ішінде Самарқанд қаласында өтетін 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алады.






