Жаңалықтар

Астана спортшылары үшінші жарыс күнінде де үздіктер қатарынан көрінді

Түркістан қаласында өтіп жатқан VIII Халық ойындарында Астана қаласының спортшылары жарыстың үшінші күнінде де жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болды.

Қазақ күресінен 100 келі салмақ дәрежесінде Айсағалиев Нұрдаулет қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал 100 келіден жоғары салмақта Халхабаев Жасұлан қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ қыздар арасында 65 келі салмақ дәрежесінде Жалинова Ақбота чемпион атанып, елорда қоржынына кезекті алтын медальді салды. Ал +77 келі салмақ дәрежесінде Қашкеева Аңсаған үшінші орыннан көрінді.

Бес асықтан елордалық команда Ақмола облысының құрамасымен кездесіп, 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Асық атудан Астана спортшылары Қызылорда облысының командасын 2:1 есебімен ұтып, жарысты сәтті жалғастыруда.

Волейболдан қыздар құрамасы Абай облысының командасымен кездесіп, 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Үстел теннисінен Астана қаласының құрамасы Маңғыстау облысының спортшыларын 6:3 есебімен жеңіп, жарысты сәтті жалғастыруда.

Тоғызқұмалақтан бесінші тур қорытындысы бойынша елордалық команда 17 ұпай, алтыншы турда 21 ұпай жинап, турнир кестесіндегі өз позициясын нығайтты.

Шахматтан Астана құрамасы үздік үштіктен көрініп, жарыс қорытындысы бойынша 3-орынға тұрақтады.

Елордалық спортшылар VIII Халық ойындарында табысты өнер көрсетуде. Спортшыларымызға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз!

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button