Айбек Оралбай есе жіберді
Сербия астанасы Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. 92 келі салмақта сынға түскен Айбек Оралбай алғашқы кездесуін польшалық Матеуш Березницкийге қарсы өткізді. Бұл сында жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетті. Келесі қарсыласы Өзбекстандағы этникалық қазақ Мадияр Саидрахимов болды. Бірінші раундта қарсыласы, екінші раундта Айбектің өзі нокдаунд алды. Кездесу соңында төреші Мадиярдың қолын көтерді. Қорытынды есепте төрешілер 4:1. Әсіресе, екінші раундта Айбек Оралбайдың сылбыр қимылдағаны кездесу тағдырына әсер еткені рас. Еске сала кетейік, бұған дейін Бек Нұрмағамбет (75 келі) пен Нұрлан Сапарбай (+92 келі) жеңіліске ұшыраған болатын. Ал бүгінгі сессияда сынға түскен қазақстандықтар Махмұд Сабырхан (54 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі) және Асланбек Шымбергенов (71 келі) жеңіске жетіп, ширек финалға өтті. 1 қараша күні шаршы алаңға алты қазақстандық боксшы шығады. Олардың арасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов та бар.