Мерей Кабдуллаев – Азия ойындарының күміс жүлдегері

Жапонияның Аичи–Нагоя өңірінде өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында джиу-джитсудан 85 келіге дейінгі салмақта елордалық спортшы Мерей Кабдуллаев күміс медаль жеңіп алды.
Мерей Кабдуллаев жарысты 1/8 финалдан бастап, Моңғолия спортшысы Батбаяр Батсухпен кездесті. Белдесу 2:2 есебімен тең аяқталғанымен, елордалық спортшы қосымша басымдық бойынша жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Ширек финалда Иордания өкілі Усама Набасқа қарсы өткен кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Қосымша басымдық бойынша жеңіске жеткен Мерей жартылай финалға өтті.
Жартылай финалда Қырғызстан спортшысы Абдурахман Муртазалиевпен белдесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижесімен елордалық спортшы финалға жолдама алды.
Алтын медаль үшін өткен шешуші кездесуде Мерей Кабдуллаев Сауд Арабиясының өкілі Абдулла Тарик Н. Наданмен белдесті. Кездесу 0:7 есебімен аяқталып, елордалық спортшы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Осылайша, Мерей Кабдуллаев өзінің алғашқы Азия ойындарында жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды.





