Жаңалықтар
Азияда-2026: Юлия Путинцева мен Анна Данилина қола жүлдегер атанды

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында елордалық теннисшілер Юлия Путинцева мен Анна Данилина әйелдер арасындағы жұптық сында қола жүлдеге ие болды.
Жартылай финалда Юлия Путинцева мен Анна Данилина финал жолдамасын Қытай Тайбэйінің өкілдері Эн Шуо Лянь және Су-Вэй Хсиеге қарсы сарапқа салды. Аса тартысты өтіп, тай-брейкке дейін созылған кездесуде қарсыластар басым түсті. Есеп — 6:7 (3:7), 6:7 (5:7).
Осылайша, қос елордалық спортшы XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Бұл — Қазақстан құрамасының теннистен осы Азиададағы екінші жүлдесі. Бұған дейін Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жекелей сында да қола медаль жеңіп алған болатын.
Фото: Никита Басов





