VIII Халық ойындары: Астана спортшылары төртінші жарыс күнін табысты қорытындылады

Түркістан қаласында өтіп жатқан VIII Халық ойындарында Астана қаласының спортшылары төртінші жарыс күнінде де жоғары нәтиже көрсетіп, бірқатар спорт түрінен үздіктер қатарынан көрінді.
Үстел теннисінен командалық есеп қорытындысы бойынша елордалық спортшылар 17 ұпай жинап, жарысты төртінші орынмен аяқтады.
Тоғызқұмалақтан Астана құрамасы командалық есепте бесінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар, бесінші тақтада өнер көрсеткен елордалық спортшы Нұрғалиева Назель өз қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
3х3 баскетболдан елордалық спортшылар жеңісті сериясын жалғастыруда. Әйелдер құрамасы Жетісу облысының командасын 6:4 есебімен, Қостанай облысын 5:1 есебімен жеңді.
Ерлер құрамасы да тартысты кездесулерде жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, Атырау облысын 14:13, Солтүстік Қазақстан облысын 15:12 есебімен ұтты.
Қазақ күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Алдаберген Нұрымқожа жоғары шеберлік танытып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Қыздар арасында 52 келі салмақта өнер көрсеткен Мухтарова Сапаргүл де тартысты белдесулер нәтижесінде күміс медаль иеленді. Ал 66 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Сағындық Әшім жүлделі үштіктен көрініп, қола медаль жеңіп алды. Командалық есепте қазақ күресінен елорда спортшылары үшінші орынға тұрақтады.
VIII Халық ойындары жалғасуда. Ертең асық ату спортынан ақтық сын өтеді. Елордалық спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!






