Жаңалықтар

Елордалық шахматшылар Қазақстан чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді

Астана қаласындағы Coventry University Kazakhstan базасында 2026 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Турнирдің басты сенсациясы — 15 жастағы елордалық шахматшы Сауат Нұрғалиевтің Қазақстан чемпионы атануы болды.

13 тур қорытындысы бойынша жас шахматшы 5 партияда жеңіске жетіп, 8 ойынды тең аяқтады. Ол бірде-бір рет жеңілмей, 9 ұпаймен Қазақстан чемпионы атанды және маусымның басты жаңалықтарының біріне айналды.

Ерлер арасында күміс жүлдені тағы бір астаналық спортшы Жандос Агманов иеленді. Ол 8,5 ұпай жинады. Ал қола медаль алматылық шахматшы Рамазан Жалмахановқа бұйырды.

Әйелдер арасындағы турнир соңғы турға дейін тартысты өтті. Төрт шахматшы бірдей ұпай жинағандықтан, жеңімпаз қосымша көрсеткіштер мен тай-брейк нәтижелері арқылы анықталды. Рапид және блиц партияларының қорытындысы бойынша астаналық Меруерт Камалиденова күміс жүлдегер атанды. Қазақстан чемпионы атағын атыраулық Зарина Нұрғалиева жеңіп алса, шымкенттік Елназ Қалиахмет қола медаль иеленді.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты ұлттық құрамаға іріктеудің маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Турнир жеңімпаздары халықаралық жарыстарда, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button