Жаңалықтар

Астанада дзюдодан әлемдік “Qazaqstan Barysy Grand Slam” турнирі өтеді

Астанада 10-12 мамыр күндері дзюдодан әлемдік рейтингтік “Qazaqstan Barysy Grand Slam” турнирі өтеді. Байрақты дода дзюдошылар үшін 2024  жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына ұпай беретін соңғы Grand Slam кезеңі болмақ.

Әлемнің кіл мықтыларын жинайтын бұл бәсеке Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

«Биыл Qazaqstan Barysy Grand Slam» елімізде екінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Былтыр жарыстың ұйымдастырылуы Халықаралық Дзюдо федерациясы  (IJF) тарапынан өте жоғары бағаға ие болды. Ал биыл жауапкершілік жүгі еселеніп отыр десек те болады. Себебі жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы “Grand Slam” жарысы біздің елімізде өтпек. Спортшылар рейтингтік ұпай жинап, Олимпиадаға лицензияны кімдердің алатыны белгілі болады. Өте жауапты сәт.

Бүгінгі таңда жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Спортшыларымызға да артар сеніміміз мол. Отандастарымызды жарысқа келіп, құраманы қолдауға шақырамыз»,деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев.

Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.

Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақтыкелісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button