Жаңалықтар

Мемлекет басшысы бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары Санжар Ташкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, күміс жүлдегер Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан құрамасының мүшелері мен жаттықтырушыларын қабылдады.

Мемлекет басшысы спортшыларды өткен әлемдік біріншіліктегі жарқын жеңісімен құттықтады, бұл бүкіл ел үшін маңызды оқиға болды.

– Сіздер әлемдік біріншілікте төрт алтын және бір күміс медаль жеңіп алдыңыздар -бұл керемет жетістік. Біздің қазақ батырларымыз Әлем чемпиондары атанып, елді дәріптеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ташкенттегі трибуналарда дауыстары естілген барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Мұндай шынайы қолдау біздің спортшыларға ерекше күш бергені сөзсіз. Жекпе-жекті бүкіл ел мұқият бақылап отырды деп айту артық айтқандық емес. Мен, соңғы жекпе-жектерді үлкен қызығушылықпен көрдім. Біздің спортшылар ел намысын лайықты қорғау үшін бар күштерін салды. Жоғарыға көтерілген Ту мен әнұранның дауысы бүкіл халықты жігерлендірді. Бұл рухтың ұлылығы мен патриотизм! Өткен жексенбі Қазақстан боксшылары үшін жеңіске жеткені сөзсіз. Мұхиттың арғы жағында Жәнібек Әлімханұлы өз атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісі Ташкенттегі боксшылардың жетістіктерімен қатар тұрды. Бұл шын мәнінде бүкіл қазақ халқы үшін шабыттандыратын оқиғалар, – деді Президент.

Президент елімізде спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалатынын атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы спортшыларға табыс тілеп, алдағы жарыстарда ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді. Содан кейін Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен жаттықтырушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button