VIII Халық ойындары: Астана құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінді

Түркістан қаласында өткен VIII Халық ойындары өз мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласының құрамасы 219 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.
Елордалық спортшылар бірнеше спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға қол жеткізді.
Баскетболдан ерлер құрамасы 30 ұпай жинап, жарыстың чемпионы атанды. Әйелдер командасы 18 ұпаймен тоғызыншы орынға тұрақтады.
Қазақ күресінен Астана спортшылары 18 ұпаймен үшінші орынды иеленсе, шахматтан да дәл осындай нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Үстел теннисінен елордалық команда 17 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. Тоғызқұмалақ пен бес асықтан 16 ұпай жинаған спортшылар бесінші орыннан көрінді. Асық атудан Астана құрамасы 15 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады.
Гір спортынан елордалық спортшылар жетінші орынды иеленсе, футзалдан 15 ұпаймен он бірінші орынға жайғасты.
Волейболдан қыздар құрамасы 25,5 ұпай жинап, жарысты төртінші орынмен аяқтады. Ерлер командасы 10,5 ұпаймен он төртінші орынға тұрақтады.
Қол күресінен Астана құрамасы 6 ұпаймен он бесінші орынға ие болды.
VIII Халық ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт саласының өкілдерін жоғары нәтижелерімен құттықтаймыз!







