Олжас Шынкеев пен Мейіржан Сламшайықов елорда намысын «Qazaqstan Barysy» турнирінде қорғайды

2026 жылдың 28 шілдесінде Астана қаласында өткен «Astana Barysy» қалалық іріктеу турнирінде Мейіржан Сламшайықов пен Олжас Шынкеев үздік шығып, ересектер арасындағы «Qazaqstan Barysy» республикалық турниріне жолдама алды.
Таң сәріден басталған жарыста 100-ге жуық балуан сегіз салмақ дәрежесі мен түйе палуан бәсекесінде бақ сынады. Нәтижесінде түйе палуандар арасында Олжас Шынкеев жеңімпаз атанса, Мейіржан Сламшайықов күміс жүлдеге ие болды. Осылайша қос спортшы республикалық турнирде Астана қаласының намысын қорғау құқығына ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал түйе палуандар арасындағы үздік екі балуанға дәстүрлі алтын және күміс белбеулер табысталды.
Айта кетейік, Олжас Шынкеев пен Мейіржан Сламшайықов өткен жылы да елорда намысын «Qazaqstan Barysy» республикалық турнирінде қорғаған болатын.





