VIII Халық ойындарында елордалық спортшылар сәтті өнер көрсетуде

11–20 маусым күндері Түркістан қаласында VIII Халық ойындары өтуде. Бүгін жарыстың екінші күні жалғасып жатыр.
Астана қаласының спортшылары футзал, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, гір спорты, қазақ күресі және 3х3 баскетбол, қол күресі спорт түрлері бойынша бақ сынауда.
Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша елордалық спортшылар бірқатар спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетті.
Волейболдан ұлдар құрамасы Маңғыстау облысының командасын тартысты кездесуде 3:2 есебімен жеңсе, қыздар құрамасы Солтүстік Қазақстан облысының спортшыларынан дәл осындай есеппен басым түсті.
Үстел теннисінен Астана қаласының командасы Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрамаларын 6:1 есебімен ұтып, жарысты сәтті бастады.
Тоғызқұмалақтан елордалық спортшылар алғашқы турда 5 ұпай, екінші турда 6 ұпай жинап, жалпы есептегі өз орындарын нығайтты.
Шахматшылар да жоғары нәтиже көрсетіп, Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының спортшыларын 1:0 есебімен жеңді.




