Елордада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды

Астана қаласындағы «Алатау» спорт сарайында ауыр атлетикадан ел чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бүгін айтулы бәсекенің ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов қатысты.
«2025 жылы еліміздегі ауыр атлетикада үлкен серпіліс болды. Бапкерлік штаб, ұлттық құрамадағы спортшылар толыққанды дерлік ауысты. Ең бастысы, антидопинг жағынан үлкен жұмыстар жасалды. Соның арқасында ұзақ жылдардан кейін қайта ауыр атлетикадан Азия чемпионатын өткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1-орын алып, әлемде өзіндік орны бар екенін дәлелдей алды. Сондай-ақ елімізге ауыр атлетикадан халықаралық федерациясының басшысы да келіп, Лос-Анджелес Олимпиадасының алдындағы соңғы лицензиялық әлем чемпионатын сеніп тапсырды. Бұйырса, енді ауыр атлетика халықтың қайта сүйікті спортына айналуына бар күшімді саламын», – деді Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев.
1-7 желтоқсан аралығында жалғасып жатқан бәсекеге еліміздің 17 өңірінен 177 спортшы бас қосты.
«2022 жылдан кейін Астана қаласы ауыр атлетикадан қайтадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып жатыр. Спортшылардың құрамы да өте мықты. Алдағы күндері ауыр атлетшілеріміз елорда төрінде рекорд жаңартып, жетістіктерін жаңартады деп сенемін. Шын мықтылар жеңіске жетіп, 2026 жылы спортшыларымыз Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында ел намысып абыроймен қорғайды деп ойлаймын», – деп Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов сөз сөйледі.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында жекелей жаттығулар бойынша 54 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.





