ЕЛОРДАДА ВЕЛОТРЕКТЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты бастауын алды.
Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты бастауын алды.
Чемпионатта ерлер, әйелдер, жасөспірім ұлдар, жасөспірім қыздар спринт, кейрин, топтық жарыс түрлерінен 10 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
«Велоспорт елімізде танымал спорттың бірі саналады. Жазғы Олимпиада ойындарында Александр Винокуров Сиднейде — күміс, Лондонда — чемпион атанған болатын. Былтыр Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында да жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді.
Міне енді сіздердің араларыңызда да болашақ Олимпиада чемпиондары бар деп сенемін. Барлықтарыңызға сәттілік!», — деп Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Корбозов жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Айтулы бәсекеге Астана қ, Абай облысы, Алматы облысы, Ақмола облысы, БҚО, Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Манғыстау облысы, СҚО, ШҚО және көрші Өзбекстан мемлекетінен 199 спортшы тіркелді.
Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов турнирдің маңыздылығына тоқталып кетті:
«Өздеріңіз білетіндей велоспорттың 4 бағдарламасы Париж Олимпиадасының бағдарламасына кіреді. Сондықтан бүгінгі бәсекеде жеңімпаздар анықталып қана қоймай, үздіктер 21-27 ақпан күндері аралығында Нью-Делиде (Үндістан) өтетін Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
Былтырғы Спартакиаданың қорытындысы бойынша Астана қаласының өкілдері топ жарған еді. Сондықтан олар басты фаворит саналады. Неге? Себебі, велотрек кешені Алматы мен Астана қаласында ғана бар. Алматы қаласындағы кешен КСРО кезінде салынған. Өзге өңірлер шосседегі велосипедпен жаттығып, велотректегі сайыста өнер көрсетеді. Осыған байланысты Астана құрамасының өзіндік артықшылығы бар», — деп пікірімен бөлісті.