Жаңалықтар

Байрақты бәсекелерге дайындық

Біз бұл жолы елордадағы таэквондошылар залында болдық. Бұнда Нұрболат Жаңбыров баптайтын спортшылар жаныға жаттығып жатыр. Біреулері шеберлікті шыңдап, басқалары білгенімен бөлісіп дегендей. Салмақ қуып жатқандары да бар. Нағыз жарыс алдындағы атмосфера ғой. Биылғы ел чемпионаты наурыздың басында өтеді. Байрақты бәсекені Талдықорған қабылдайтын болды. Одан кейін жастар мен жасөспірімдер жарысы да жанданады. Бірақ, ең алдымен осы ересектер арасында үздіктерді анықтап алу керек. Өйткені, соның нәтижесінде ұлттық құрама жасақталып, алдағы әлемдік аламандар мен олимпиада ойындарына жоспар жасалады.

Жалпы айтар болсақ, қазір елімізде таэквондоның деңгейі жаман емес. Небір мектептер қалыптасты. Небір-небір спортшылар шығып жатыр. Осының арқасында азияда алдыңғы бестіктен, ал, әлемде алдыңғы жиырмалықтан табылып жүрміз. Әттең, карантин келіп, барлық бәсекені тұралатып тастағаны болмаса. Әйтпесе, аяқалысымыз әжептәуір еді. Бірақ, әлі де  кеш емес қой. Ел чемпионатынан кейін халықаралық жарыстар бар. Жоғарыда айтқан, Азия және Әлем чемпионаты да жақындап қалды. Оған олимпиаданы тағы қосыңыз. Яғни, өз-өзімді көрсетем, өз-өзімді дәлелдейм дегендерге мүмкіндік жетеді.

Бұл спортшылар өткен жазда да, күзде де, тіпті, міне, қыста да дайындықты үзген жоқ. Әрине, санитарлық дәрігердің рұқсат еткен шеңберінде ғана. Біз оны алаңға барып да,  залға барып та, талай бақыладық. Аға жаттықтырушымен телефон арқылы да хабар алып тұрдық. Ал, бұл жолғы жаттығудың жөні бөлек. Өйткені, жарыстың уақыты белгілі. Бұған дейін кесте болмады. Болғанның өзінде қайта-қайта өзгертіле берді. Бұл кәсіпқой спортшылар үшін үлкен ауыртпалық. Өйткені, физикалық және психологиялық дайындықты шарықтау шегіне жеткізіп, қайта жібере салады. Одан кейін қайта қалпына келтіру керек дегендей. Енді елдегі және әлемдегі эпидахуал тұрақталып, жоспардағы жарыстар кезек-кезегімен өтеді деген үмітте спортшылар.

Бұндағы қыз-жігіттердің қай-қайсы да олимп шыңын бағындыруды армандайды. Кәріс жекпе-жегін таңдаудағы басты мақсат сол ғой. Қазақстандық таэквондошылар арасында алғашқы және әзірге жалғыз олимпиадалық медалді Арман Шілманов еншіледі. Ол 2008 жылғы жазғы ойындарда қола жүлдегер атанды. Содан бері жетістігін ешкім қайталамады. Дұрысы, қайталай алмады. Енді  бұл биікті биыл бағындыруға мүмкіндік бар дейді аға жаттықтырушы Нұрболат Жаңбыров.

Айта кетейік, олимпиада жолдамалары мамырдың соңында сарапқа салынады. Нақтырақ айтқанда, 21-ші және 22-ші мамыр деп көрсетілген хаттамада. Ал, Токиодағы байрақты бәсеке 23-ші шілдеде басталады. Қалай болғанда да, біз қазақстандық спортшыларға сәттілік тілейміз. Алдағы құрлықтық және әлемдік додаларда, қала берді олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрініп, ел абыройын асқататады деген үміттеміз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тамаша тарту болар еді.

Автор: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button