Паракаратэ қарқынды дамып жатыр
Қалыптасқанына көп болмаса да отандық паракаратэ нық аяққа тұрып, нақты жүйесін қойып үлгерген. Спортшыларымыз құрлықтық және әлемдік аламандарда топ жарады. Спорт шеберлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Ал, ең бастысы – жаңа бағыт мүмкіндігі шектеулі жандарға жақсы мотивация беріп, тіпті, кейбірінің денсаулығын түзетуге де септігін тигізіп жатыр.
Каратэ мен паракаратэнің негізі бір болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе, соңғысы салыстармалы түрде қауіпсіз саналады. Өйткені, бұнда жапон жекпе-жегінің ката түрі ғана қолданылады. Яғни, спортшылар бірнеше санат бойынша татами төріне шығып, каратэнің элементтерін көрсетеді. Соған сәйкес ұпай беріліп, жеңімпазы анықталады. Ал, бір-бірін соққының астына алып, өзара мықтыны анықтау жоқ бұнда. Жоғарыда салыстырмалы түрде қауіпсіз дегеніміз осы ғой. Спорттың бұл бағыты бертін келе пайда болды. Еуропа елдерінде ресми түрде 2014 жылы тіркелген. Ал, бізге 2018 жылы келді. Келгенде Мейрамгүл Дукуева есімді жаттықтырушы әкелді.
«Паракаратэшіні бірінші рет 2017 жылы көрдім. Лондондағы әлем чемпионатында қолы мен аяғы жоқ спортшы тізерлеп отырып өнер көрсетті. Бұл көрініс жүрегімді тебірентіп, үлкен мотивация берді. Кейін ресейлік досым әрі әріптесім Сергей Бурлаковпен ақылдасып, тәжірибе алмасып дегендей, ақыры 2018 жылы оны өз елімізге әкелдік. Бірінші орталық елордада ашылды және дәл осы спортшылар ең алғашқы толқын. Айта кету керек, бүкіл Орта Азия бойынша біздің ел бірінші болып осы бағытты қолға алды және әлі күнге дейін аймақтағы жалғыз мемлекет болып табылады. Көрші елдер арасынан паракаратэ Ресейде ғана бар», – дейді Қазақстан паракаратэ федерациясының президенті МЕЙРАМГҮЛ ДУКУЕВА.
Қазір бір ауыз сөзбен айта салу оңай. Ал, бастапқыда паракатэнің мәні мен маңызын түсіндіріп, біраз шапқылауға тура келді дейді кейіпкеріміз. Спортшыларды жинау, орталықтар ашу, федерация құру деген шаруалар бар.
Осының барлығын орындағаннан кейін жұмыс біртіндеп бір жүйеге түсе бастаған. Қазір паракаратэ еліміздің 10 өңірінде дамып жатыр. Ресми жарыстар күтізбесі бар. Спортшыларымыз халықаралық және әлемдік аламандарға тұрақты қатысып тұрады. Олар аз уақыт аралығында өз мықтылығын дәлелдеп үлгерді де. Ұлттық құрамада Керім сияқты халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Оның бер жағында спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер қаншама. Соның арқасында паракаратэ кеңінен етек жайып, оған келушілер қатары артып жатыр.
Біз көбіне паракаратэнің кәсіпқой қырын айтып жатырмыз. Бұдан бөлек, денсаулыққа пайдалы тұстары да бар. О бастағы негізгі мақсаты осы ғой. Нақты айтқанда, жапон жекпе-жегінің элементтері дене мүшелерін созып, бұлшық етті қатайтуға көмектеседі. Бұған қоса, ката элементтері мидың да белсенділігін, яғни, ойлау қабілетінің белсенділігін арттырады. Өйткені, бұнда әр элементті жаттап, кейін оны кезек-кезегімен орындау қажет. Осы және өзге де ерекшеліктерін адам жаттығу барысында, яғни, спорттық атмосферада қабылдайды. Сөздің шыны керек, паракаратэ денсаулыққа пайдасы жағынан кей кезде медицинадан да асып түседі.
«Біздің спортшылар әлемдік аламандарда тұрақты жүлдеге ілігеді. Бірақ, біреуіне ерекше тоқталғым келеді. Ол Темірхан Науқан есімді шәкіртіміз. Аутизм диагнозына қарамастан катаның күрделі техникасын жаттап алды. Яғни, 54 элементтен тұратын жаттығуды меңгеріп, дүниежүзілік додада орындап шықты. Соның арқасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл – елімізде алғаш рет орын алып тұрған жағдай. Тіпті, өзіміз аң-таң болдық. Яғни, паракаратэ арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың қабілетін жетілдіріп, жаңа қырларын ашуға болады. Денсаулығын түзете аламыз. Осы мақсатта әр адаммен жеке-жеке жұмыс жасап, оған қолайлы әрі қажетті жаттығуларды көрсетеміз. Сөйлесеміз. Пікір алмасамыз. Тек физикалық қана емес, психологиялық қолдау татыуға да тырысамыз. Рухтарын көтереміз. Паракаратэ – осынысымен қызықты, әрі осынысымен күрделі», – дейді Қазақстан паракаратэ федерациясының президенті МЕЙРАМГҮЛ ДУКУЕВА.
Мемлекеттік қолдауды да атап өту керек шығар. Әдетте, спортқа жауапты мекемелерді сынап жатамыз ғой. Ал, паракаратэге келгенде олар ерекше қамқорлық танытып отыр. Мәселен, инфрақұрылым мәселесі бір жолға қойылды. Отандық спортшылар еліміздегі айтулы залдарда тегін негізге дайындалады. Қаржыландыруға қатысты да проблема жоқ. Яғни, оқу-жаттығу жиынын өткізуге болсын, жарыс ұйымдастыруға болсын, не басқа елдегі бәсекеге қатысуға болсын ақша табылады. Тіпті, спорттық киім не спорттық арба сияқты керек-жараққа дейін қамтамасыз етіп жатыр. Осы және өзге де қолдаудың арқасында отандық паракаратэ қарқынды дамып, аз уақыт аралығында әлемдік деңгейге көтерілді. Ал, егер паралимпиада ойынына қосылып жатса, халықаралық федерацияның ондай да жоспары бар, жерлестеріміз намысты қолдан бермей, ел абыройын асқақтатуға дайынбыз дейді.
Автор: Аслан Қаженов