Жаңалықтар
Жігіттеріміз жүлдегерлер тізімінде
Сербияның Белград қаласында бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Belgrade Winner бәсекесін екі алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен аяқтады. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Ал Ертуған Зейнуллинов жарыста қарсылас шақ келтірмей, 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. 81 келіде Нұрбек Оралбай мен 91 келіде сынға түскен Василий Левит күміспен күптелді. Айта кетейік, қос спортшы – Нұр-Сұлтан қаласы Спортты олимпиадалық түрлері бойынша дамыту дирекциясының өкілдері. Тағы үш қазақстандық боксшы, атап айтқанда, Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Райыс Нұрқанат (75 кг) және Нұрлан Сапарбай (+91 кг) қоржынды үш қола жүлдемен толықтырды.