Жаңалықтар

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: АСТАНАЛЫҚ ЕКАТЕРИНА КОЛОДА КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

 

БАӘ-нің бас қаласы Дубайда өткен жеңіл атлетикадан 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.

Айтулы бәсекеде 4×400 эстафета сайысында команда құрамасында сынға түскен Астана қаласының спортшысы Колода Екатерина 2 орынға ие болды.

Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан командасы 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатынан сегіз медаль жеңіп алды. Бас бапкер Дмитрий Карпов жас атлеттердің аяқ алысына баға берді.

«Жасөспірімдер командасы жалпы есепте жетінші орын алды. Біздің команда қоржынында бір алтын, төрт күміс, үш қола медаль бар.

Спортшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Жалғыз алтын медальді жетісайыстан Алина Чистякова жеңіп алды. Ол былтыр ересектер құрамасына қабылданып, Тегеранда өткен Азия біріншілігінде бессайыстан қола медаль иеленген болатын.

Осы орайда, команданың негізгі құрамы жаңа спортшылармен толығатынын айтөым келеді. Өскелең ұрпақ жақсы нәтиже көрсетуде, олар өздерінен үлкен буынмен де бәсекеге түсе алады.

Қазіргі таңда Азиядағы жеңіл атлетика деңгейі өте жоғары. Жас спортшылардың өзі халықаралық турнирлерде нормативтен асып жатады. Спорт түрлері де қарқынды дамуда», – деді Карпов.

Айта кетейік, құрлықтық додаға 30 елден келген спортшы сынға түсті. Еліміздің намысын 42 спортшы қорғады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button