Жаңалықтар

Сурдлимпиада ойындары басталды

Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы дүниежүзілік доданы Бразилия қабылдап жатыр. Оған 100 елден 4 мыңға жуық спортшы жиналды. Арасында Қазақстан құрамасы да бар. Биылғы байрақты бәсекеде ел намысын 57 спортшы қорғайды. Олар спорттың 8 түрі бойынша бақтарын сынап, медальға қол созып көрмек. Жарыстың ашылу салтанатында көк байрағымызды таэквондошы Аян Әбдіраш алып шықты. Ол алдыңғы сурдлимпиада ойындарында чемпион атанған болатын. Бұған қоса, әлем чемпионаты мен халықаралық турнирлерде жүлдеге ілігіп жүр. Өткен ойындарда ұлттық құрама 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 25-ші орынға жайғасқан еді. Биылғы мақсат содан кем түспеу дейді қазақстандық команданы бастап барған Бекболат Байжанов.

«Бұл Қазақстан құрамасы қатысып отырған алтыншы жазғы сурдлимпиада. Отандық спортшыларымыз осыған дейінгі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл сында да лайықты нәтиже көрсетеді деген ойдамыз. Барша қазақстандықтарды ұлттық құрамаға жанкүйер болуға шақырамыз»- деді Бекболат Құстүтінұлы.

Тағы бір айта кететін жайт, сурдлимпиадалық спорт түрлерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін қаржылай сыйақы мөлшері Олимпиада және Паралимпиадамен теңестірілген болатын. Яғни аталмыш жарыстан бірінші орын алған спортшыға 250 000, екінші орын 150 000, үшінші орын- 75 000, төртінші орын — 30 000, бесінші орын — 10 000 және алтыншы орын үшін — 5 000 АҚШ доллары беріледі.

Жазғы сурдлимпиада мамыр айының он бесіне дейін жалғасады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button