Қоржында қос алтын
Шымкентте оқ атудан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күні қазақстандық Елдар Иманқұлов жекелей сында топ жарды. Ол пневматикалық тапаншамен 10 метрден ату бәсекесінде алдына жан салмады. Артынша жерлестеріміз командалық сында да жеңімпаз атанды. Бұл жолы ел намысын Елдар Иманқұлов, Владимир Исаченко және Валерий Рақымжан үштігі қорғаған. Екінші орын Сауд Арабиясы құрамасына бұйырды. Үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді. Бұған қоса пневматикалық мылтықпен атудан бір қола жүлдеміз бар. Оны микс бәсекесінде Елизавета Безрукова мен Ислам Усейнов жұбы әкелді. Шымкенттегі дода 20-шы қыркүйекке дейін жалғасады.
«Біз күні кеше ТМД елдерінің ойындарынан оралдық. Ә дегеннен Азия чемпионатына араласу оңай болған жоқ. Соған қарамастан жақсы өнер көрсеттім. Құрлықтық додада алғаш рет топ жарып тұрмын. Сондықтан бұл кәсіпқой мансабымдағы ең басты жеңіс саналады. Қарсыластарымның бәрі мықты. Мен олардың арасында ең жас қатысушымын» – дейді Азия чемпионы Елдар Иманқұлов.