Қоржынымызда 82 жолдама
Қысқы спорт түрлері бойынша лицензиялық және рейтингілік турнирлер аяқталып, олимпиада жолдамалары таратылды. Нәтижесінде, ұлттық құрама спортшылары 82 жолдама жеңіп алды. Бұл жөнінде ұлттық олимпиадалық комитет хабарлайды. Оған сәйкес, жерлестеріміз Бейжің олимпиадасында 8 бағыт бойынша сынға түседі. Әсіресе, шаңғы жарысында 30 жолдамамыз бар. Одан кейін конькимен жүгіру, шорт-трек және фристайлдан салыстырмалы түрде көрсеткіштер жақсы. Бұған қоса, ұлттық құрама шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы бойынша да жүлдеге қол созып көреді. Ал, ел намысын қорғайтын спортшылардың жалпы саны 32. Олар қазір Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жабық карантин жағдайында жаттығып жатыр.
Айта кетерлігі, Олимпиада ойындарының барлық қатысушыларының қозғалысы қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын алу мақсатында арнайы басшылықпен қатаң түрде бекітілген талаптар мен қағидаттар жиынтығынан тұратын нұсқаулық Плейбукпен реттеледі. Тек Олимпиада ойындары кезінде емес, бұл нұсқаулық Қытаймен шекарадан өтер алдында да қатаң түрде реттеледі.
Ойын кезінде Олимпиада ауылының тұрғындарынан күн сайын ПТР тест алынып, денсаулығы тексеріліп, жаздағы Токио Олимпиадасының үлгісі бойынша қатысушылардың орналасқан жері арнайы телефон қосымшасы арқылы бақыланады.
Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні чартерлік «Air Astana» рейсімен Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы Бейжіңге аттанады. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасының таныстырылымы 20 қаңтарға жоспарланған.
Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.