Олимпиада лицензиясын алдық
Ұлттық құрама қоржынындағы лицензиялар саны тағы біреуге артты. Бұл жолы су добының шеберлері Токио олимпиадасына жолдама алды. Қызығы сол – жерлестеріміз іріктеу сынына қатыспады. Жолдама бұған дейінгі көрсеткіштер бойынша берілді. Енді ерлер құрамасы жазғы ойындарға кешенді дайындық жүргізіп жатыр. Бұған қоса, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ішкі біріншіліктер де жанданып, одан кейінгі олимпиадалардың қамы да қазірден бастап жіті назарға алынды.
Су добы бойынша лицензиялық турнир елордада өтуі керек еді. Азия чемпионаты 2019 жылдың ақпанына белгіленді. Тіпті, дайындық жұмыстары да жүргізіле бастады. Бірақ, қалыптасқан жағдайға байланысты кейінге қалды. Одан кейін мүлде өтпейтін болды. Әлемдегі эпидахуал тұрақталмады. Тұрақталатын түрі де жоқ. Сондықтан, су добы бойынша құрлықтық федерация ары ойланып, бері ойланып, ақыры 2018 жылғы Азия ойындарының нәтижесін негізге алды. Айта кетейік, Джакартадағы додада ұлттық құрама алтын жүлдегер атанған еді. Соңғы сында Жапония жігіттерімен жолығып, 7:8 есебімен жеңіске жетті. Сәйкесінше, лицензия бөліске түскенде ең бірінші үміткер, әрине, біздің спортшылар болды.
Ұлттық құрама азия деңгейінде мықты болғанымен, әлемдік деңгейде азулы қарсыластар көп. Әсіресе, еуропаның жігіттері алдына жан салмайды. Ал, жеребе тарту рәсімінде Хорватия, Сербия, Испания, Черногория және Австралия командаларымен бір топқа түстік. Мемлекеттік жаттықтырушы Дамир Темірхановтың «жолдаманы өзі – жеңіс» дейтіні осы шығар. Қалай болғанда да, лицензия қолымызда және жігіттер кезекті рет олимпиадаға қатысады. Бұл жаңалық еліміздегі басқа спортшыларға, әсіресе, жастар мен жасөспірімдерге керемет мотивация болды.
Салыстырмалы түрде, су добы бізде әбден бір жолға қойылған. Қазір еліміздің 9 өңірінде дамып жатыр. Өзіндік мектептер қалыптасқан. Бала жастан спортқа баулиды. Соған сәйкес, әр жас деңгейінің жыл сайын тұрақты өтетін өз жарыстары да бар. Бірақ, короновирусқа байланысты бәрі тұралап қалды ғой. Енді араға жылдан аса уақыт салып біртіндеп қайта қалыпқа келіп жатыр. Мәселен, елордада 16 жасқа дейінгілер арасындағы ел чемпионаты өтті. Оған 5 өңірден 6 команда жиналды және, айта кету керек, бұндағы атмосфера жоғарыдағы олимпиада жоламасына таластан артық болмаса, кем емес.
Ел чемпионатында әр өңірдің даму деңгейі мен бапкерлер біліктілігі анық байқалды. Әсіресе, ұзақ үзілісте спортшылардың көп нәрсе жоғалтпағаны қуантады. Финалдық сынға Нұр-Сұлтан мен Тараздың құрамалары шыққан болатын. Кейінгісі 10:8 есебмен басым түсті. Ал, қола жүлде атыраулық командаға бұйырды. Бірақ, маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – енді ел чемпионаты нәтижесінде ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындалады. Әсіресе, бұл балалар 2024 және 2028 жылғы олимпиадаларда ел намысын қорғайтынын ескеру керек. Қорғағанда, ағаларының жолын қуады ғой енді.
Жастар болсын, ересектер болсын біртінтеп бапқа келіп жатыр. Қазір, өкінішке орай, шетелдерге шығуға болмайды. Бұрын ұлттық құрама үнемі Кәрі Құрлыққа барып, шеберлік шыңдап қайтатын. Қазір осындай ішкі біріншіліктерге, қала берді, көрші Ресей чемпионаттарына қатысумен шектеледі. Оның өзі де тәуір мүмкіндік. Әсіресе, олимпиадаға аттанатын спортшылар толыққанды жаттығып үлкереді гене үміттеміз. Қазір барлық күш соған салынып жатыр. Ал, енді оның нәтижесін бірер айдан кейін Токиодағы байрақты бәсекеде көрсеміз. Жігіттерге сәттілік тілейміз!
Автор: Аслан Қаженов