Жаңалықтар

Мемлекет басшысының тың бастамалары

Қазақстан халқына… Дәл осындай атаумен елімізде арнайы қор құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында осылай деп мәлімдеді. Президент ондағы қаражат денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталатынын айтты. Мысалы осы қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға қолдау болады. Бүліктен кейінгі Алматы қаласын қайта қалпына келтіруге жұмсалады. Сонымен қатар, аталған қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау болады, деді Президент.

Бұған қоса, 2025 жылы елімізде шетелдік беделді Жоғарғы оқу орындарының 5 филиалы ашылады. Екі оқу ордасы техникалық салаға бағытталады. Ол Батыс аймақта бой көтереді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді. Президент білім саласына деген көзқарасты өзгертуге шақырды. Қазір техникалық мамандықтарды арттыратын кез жетті. Әсіресе, өнеркәсіп саласындағы инженерлерге басымдық беру керек-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұмысқа ықыласы жоқ кей шенеуніктер жылдар бойы мардымды ешнәрсе бітірмей, кабинеттерінде отырды. Олар бастамашыл жастардың өсуіне жол бермейді. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен тілдесуді білмейді, тіптен қорқады да. Сөйтіп,  олар мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Мұндай шенеуніктермен қоштасудың кезі келді, деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері үнемі аймақтарға шығуды, ал әкімдерге әрбір елді-мекеннің халқымен жиі кездесуді тапсырды. Осылайша Президент мемлекет пен халықтың өзара қатынасын түбегейлі өзгерту керегін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық сарапшылармен кеңесе отырып, қыркүйектегі жолдауында саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынатынын жеткізді.

Біз Мемлекет басшысының бүгінгі жиында айтылған осы және өзге де бастамаларын қолдаймыз және ол жақын болашақта елімізді дамудың даңғыл жолына шығарады деген сенімдеміз.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button