Жаңалықтар

Елорда спортының жетістіктері жаңа белестерге жетелейді

Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының жоғары дәрежелі спортшылар мен спорт резервін қалыптастыру мақсатында атқарған жұмыстарының нәтижесі бойынша 2023 жылы ҚР ұлттық құрама команда сапына 772 спортшы енді. Ал 2024 жылы 1962 спортшы, 2025 жылы 1243 спортшылар дайындалды.

Мекемеміздің спортшылары республикалық және халықаралық жарыстардан 2023 жылы 992 медаль, 2024 жылы 2004 медаль, 2025 жылдың 9 айында 1653 медаль жеңіп алды.

2023 жылы өткен Азия және Пара Азия ойындарына астаналық 50 спортшы бақтарын сынап, елеулі еңбектің нәтижесінде елорда оғыландары 2 алтын, 3 күміс, 7 қола медальдарын ел қоржынына салды.

2024 жылдың басты спорттық додасы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына Астананың 17 спортшысының қатысуын қамтамасыз етіп, пара дзюдодан Ақмарал Науатбек алтын, бокстан Оралбай Нұрбек пен пара дзюдодан Шәмей Ерғали күміс жүлделерді иеленді.

Әлемдік балуандарды  алып та, шалып та жыққан Айтмұқан Ризабек екі жылда үш дүркін әлем чемпионы болып спорт тарихын теңселтті.

Сонымен қатар, Астана қаласында ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген 8 спорт түрінен дирекциямыздың 16 спортшысы қатысып, 8 алтын, 3 күміс, 5 қола медальдарды жеңіп алды.  Спортшыларымыздың жеңісі жалпы есепте ҚР командасы бірінші орын алуына үлкен үлес қосты.

Спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың жоғары спорттық жетістікке жетулеріне жасалған еңбек пен қолдаудың нәтижесінде 2025 жылы өткен Қысқы Азия ойындарына 37 спортшымыз қатысты. Жүзден жүйрік жеңімпаздарымыз 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медальдарды иеленіп, мемлекет мәртебесімен қатар, елорда абыройын асқақтатты.

Астананың ширек ғасырға жуық  спорттық тарихын жаңалауда елімізде ұйымдастырылған ҚР VI Қысқы Спартакиадасында спортшыларымыз жалпы командалық екінші орынды иеленіп, еліміздің өзге өңірлерімен бәсекелестік болатындай тарих жасады.

Қазіргі таңда 34 спорт түрінен өткізіліп жатқан Жастар спорт ойындарында Астана қаласының спортшылары 27 спорт түріне қатысып, жалпы командалық есепте екінші орында келеді.

Кеше ғана Астана мәртебесін биіктеткен боксшыларымыз Тәшкенбай Санжар мен Оралбай  Айбектер Англия мемлекетінде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып қуанышымызды еселей түсті.

Қысқы спорт түрлерін қолдау мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылы өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына коньки мен мәнерлеп сырғанаудан спортшымыз София Самоделкина жолдама алды.

2 жылдан астам уақыт ішінде Астана қаласының спорт саласының қарқынды дамуына ұжым болып тынбай еңбек етілді. Қаламыздың жетістіктері көңіл қуантады. Спортқа жанашыр ретінде осы салада аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлер, жаттықтырушылар мен спортшыларға ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да спортшыларымыздың биіктерді бағындырып, жеңістерімен қуанта беретініне сенім мол.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button