Дастан Әбжанов: спортшылар жарысты сағынды
Қалыптасқан жағдайға байланысты отандық спорт кәдімгідей тұралап қалды. Бертін келе олимпиадалық спорт түрлерінде қарбалас басталғандай болды. Бірақ, әлі де көп нәрсе түсініксіз. Белгілісі – бокс пен күрес түрлері бойынша алғашқы кешенді дайындықтар өтті. Ал, олимпиадалық емес спорт түрлерінде әзірге тым-тырыс. Жаттығу жиындары өтпеді. Жарыстар кестесі шықпады. Сондықтан, күнделікті әркім өз бетімен дайындықты пысықтауға мәжбүр. Негізі бұл қыз-жігіттер үнемі жарысқа қатысып үйренген және онсыз өте қиын. Оны спорттан хабары барлар жақсы біледі. Сондықтан, бұл бағытқа да көңіл бөлініп, тезірек жаттығу жиындары мен байрақты бәсекелерді ұйымдастыруға мүмкіндік берілсе екен дейді киокушинкай-кан каратэден жастар құрамасының бас бапкері Дастан Әбжанов.
«Дәл қазіргі жағдай оңай деп айта алмаймын. Әсіресе, спортшыларға қиын. Өйткені, көп іс-шаралар (спорттық сайыстар) тоқтап тұр. Іс-шаралар болмаса спортшылар да өспейді. Барлығы да жарысты сағынғандарын айтады. «Сенсей жарысқа қашан шығамыз?» дегенде қалай жауап қатарымызды білмейміз. Байрақты бәсекелер кестесі қайта-қайта кейінге шегеріліп жатыр. Нақты уақыты жоқ. Нақты уақыт болмағандықтан спортшыны бабына келтіріп, оны ұстап тұру да ауыр. Психологиялық бап деген де болады. Мына уақытта жарысқа шығам деген сияқты. Ал, енді уақытты осынша соза бергеннен ол бап бұзылады. Спортшыны әбден шаршатып жібереді» – деді «Толағай» ЖСШМ бапкері.