Жаңалықтар

«Астана марафоны» қайта жанданды

Өткен демалыста жүгіру шеберлері елордаға жиналып, ондаған шақырымды бағындырды. Айта кету керек, спорттық шара бұқаралық сипатта болды. Яғни, ұзақ үзілістен кейін мыңдаған адам қайтадан бір жерде бас қосып, бір деммен жүгіріп шықты. Кәдімгідей қуаныш. Керемет атмосфера. Әбден сағындырып жеткен жарыс. Айтулы аламан қатысушылардың қарымын шыңдаумен қатар, ертеңгі күнге дейін үмітті оятты. Қалыпты өмірге деген, қайнаған тірлікке деген үлкен қадам болды.

Астана марафоны ең алғаш рет 2009 жылы өтті. Содан бері жыл сайын тұрақты ұйымдастырылып келеді. Тіпті, уақыт өте ауқымын ұлғайтып, халықаралық деген де деңгейге шыққан. Бірақ, короновирусқа қатысты жағдай барлығын тұралатын тастады. Былтыр марафон өтпеді. Биыл да өту-өтпеуі үлкен сұрақ болған. Бірақ, елдегі эпидахуалдың жақсаруы және карантиндік талаптардың алынуы үміт отын маздатты. Қалалық әкімдік ұйымдастыру тетіктерін қарастыра бастады. Ал, жергілікті тұрғындар өтініштің астына алды. Осылайша аз уақыт аралығында мыңдаған адам тіркеліп, марафон жанданды. Жарыстың таңертең ерте басталатыны және ауа райының сәл суықтығы еш кедергі бола алмады. Бұқаралық шараны сағынған көпшілік ә дегеннен арнайы алаңнан табылып, бұқаралық бәсекеге ден қойып кетті.

Елордадағы марафон 2 қашықтық бойынша, яғни, 42 және 10 шақырым бойынша өтті. Алғашқысы кәсіпқойларға арналған.  Кәдімгідей дайындықты қажет етеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші елдерден тісқаққан марафоншылар жиналды. Ал, 10 шақырым аса ауыр емес. Кез-келген адам жүгіре алады. Ең бастысы жасың 16-дан асса болғаны. Бір қуанарлығы әуесқойларды қолдауға олимпиада чемпиондары мен спорт қайраткерлері келді. Бұған қоса, Үкімет пен Парламенттегі шенеуніктер де кастюм-шалбарларын спорттық киімге алмастырып, қалың бұқараның ортасынан табылды.

Марафонға 45 қаладан қатысушылар келді. Бас-аяғы 3 мыңға жуық адам. Ең жасы 18, ал ең егдесі 76 жаста. Міне, осындай статистиканы алдық. Бұған қоса, ер адамдардың белсенділігі жоғары. Алыс қашықтыққа жүгіргендердің 86, ал, қысқа қашықтыққа жүгіргендердің 62 процентін жігіттер құрайды. Оларға ыңғайлы болу үшін қаланың бірқатар көшесі жабылды. Қозғалыс шектелді. Бұл қала тұрғындарына кәдімгідей қолдайсыздық туғызды. Оны да айта кетейік. Айтқанда әлеуметтік желідегі жазбалардан-ақ анық байқауға болады. Соған қарамастан жоспардағы спорттық шара ойдағыдай өтті. Негізгі мақсат орындалды. Енді бұл бәсеке еліміздегі басқа да бұқаралық жарыстарға серпін береді деген үміттеміз.

Марафон қайырымдылық негізде ұйымдастырылады. Сондықтан, бұнда жанығып жарысу деген жоқ. Бірақ, сонда да топты жарғандар назардан тыс қалмады. Мәселен, 10 шақырымда алматылық Рақымжан Кельманов пен Татьяна Нерознакқа тең келер ешкім болмады. Ал, алыс қашықтықта өзбекстандық Владислав Мамедов, әйелдер арасында қырғызстандық Гулшана Сатарова мәреге бірінші жетті. Бұған қоса, әр жас деңгейі бойынша бөлек мықтылар анықталды. Барлығына арнайы сыйлық табысталды. Ал, марафонның өзінен түскен миллинодаған қаржы жоғарыда айтқандай қайырымдылықпен айналысатын  ұйымдарға бағытталады. Айта кетейік, 2009 жыдан бері дәл осы шараның арқасында 37 миллион теңге жиналған.

Авторы: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button