Жаңалықтар

Жаттығу жандана бастады

Короновирусқа қатысты жағдай басқа салалар сияқты, садақ ату спортына да кесірін тигізді. Өйткені, спортшылар бірнеше ай бойы жаттыға алмады. Спорттық залдар қаңырап бос тұрды. Карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін де жағдай бірден оңала қоймайды. Өйткені, бірде демалыс күндеріне қатысты, бірде қызыл аймаққа қатысты, ал, бірде, тіптен, басқа талаптар шығып, соған сәйкес, шектеулер де көбейді ғой. Мәселен, биылғы ел чемпионаты ақпанның басында елордада өтуі керек еді. Бірақ, тағы да, жоғарыда айтқанда, қаладағы эпидахуал негізге алынып, оны өткізуге тыйым салынды.

«Кәсіпқой спортшыларға жарыссыз қиын. Жоспардағы бәсекелердің бәрі болмады. Салдарынан физикалық және психологиялық бапты жоғалта бастадық. Үй жағдайында ғана жаттығып жүрдік. Бірақ, ол жеткіліксіз. Шынайы дайындықты, шынайы жарыстарды алмастыра алмайды»-дейді садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, біздің дирекция өкілі Айман Амангелді.

Расымен де, ұзақ үзіліс саланың тыныс-тіршілігін кәдімгідей тұралатып тастады. Әсіресе, спортшыларда өз-өзіне деген сенім жоғала бастады. Айманның псхология жайында айтқаны осы ғой. Ал, садақ атуда бұл ең қажетті қасиет. Оны барынша сақтау үшін жаппай онлайн ойындарға ойысыпты. Иә, короновирусқа қатысты жағдай ушыққан кезде садақ атуда да сондай сайыстар пайда болды. Халықаралық деңгейдегі сайыстар. Бұл қазақстандық спортшылардың  мүлде қарайып қалмай, бапты белгілі бір деңгейде ұстауына көмектесті. Тіпті, кейбір жерлестеріміз жүлделі орынға ілігіп те жатты. Бірақ, бәрібір,  сөздің шыны керек, ол шынайы жарысты алмастыра алмайды дейді.

 «Онлайн жарыс пен кәдімгі жарысты салыстыруға келмейді. Әрине, алғашқысы жоқтан тәуір. Басқа амал болмағасын ғана қатыстық. Ал, негізінде классикалық бәсекеге жететіні жоқ. Қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қараймыз. Эпидемиялогиялық ахуалдық тұратылығы бәрінен де маңызды қазір. Бірте-бірте жағдай оңалып келеді деуге болады. Осының алдында ересектер құрамасы Алматыға жиналып, жаттығу жиынын өткізді. Алдағы чемпионаттар туралы ақпарат алдық. Осыған да шүкір. Әйтпесе, ешқандай жарыссыз, ешқандай мақсатсыз өзіңмен-өзің дайындала беру де біртүрлі. Егер нақты кесте болса жаттығу жұмыстарын соған қарап жүйелейсің. Кезеңдерге бөлесің. Сәйкесінше, дәл сол дүбірді дода алдында физикалық және психологиялық бапты шарықтау шегіне жеткізесің» –дейді садақ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері Данияр Бозбаев.

Сонымен, садақ ату бойынша ішкі бірішлік алдағы айда жанданады. Ең алғаш болып жастар жарысқа шығады. Олар наурыздың 1-і мен 7-сі аралығында Алматыда сынға түседі. Ал, ересектер арасындағы аламан наурыздың соңына жоспарланып отыр. Одан кейін сәуір айында жастар ойыны бар. Яғни, көктемнің соңына дейін ел чемпионаттарын толық өткізіп үлгеру керек. Одан кейін олимпиаданың қарбаласы басталады. Лицензиялық жарыстар.  Токиодағы байрақты бәскенің өзі шілдеде басталады екен. Саналап отырсақ, бес айға жетер-жетпес қана аралық қалыпты. Айта кетейік, Қазақсан құрамасында қазір бір жолдама бар.  Оны жігіттер 2019 жылы командалық сында жеңіп алған.

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button