Жаңалықтар

Жолдама алу қиындады

Әйелдер боксы бойынша лицензиялық турнир өтпейді. Халықаралық олимпиадалық комитет осындай шешім қабылдады. Іріктеу бәсекесі маусым айында Парижде болады деп жоспарланған. Енді оның жолдамалары рейтингте жоғары тұрған боксшыларға таратылып берілмек. Бұл бастама ұлттық құрама үшін ауыр тиді. Өйткені, қазақстандық қыздарда қазір бір ғана лицензия бар. Оны 75 келіге дейінгілер арасында Надежда Рябец жеңіп алған еді. Қалған қыздар Париждегі додаға дайындалып жатты. Өкініштісі сол, олардың рейтингтегі жағдайлары соншалықты жақсы емес.

«Рейтингте боксшы қыздарымыздың ұпайы айтарлықтай көп емес. Алайда, 69 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова жолдамаға ілігіп қалады деген үміт бар. Бұл наурыз айының соңында нақты белгілі болмақ. Жолдаманы бөлер кезде боксшылардың 2018, 2019 жылдардағы көрсеткіші де есепке алынады. Рейтинг бойынша Азиядағы алғашқы алты боксшы автоматты түрде Олимпиадаға өтіп тұр. Бірақ олардың қатарында тұрмысқа шыққан, боксты қойып кеткендер де болуы мүмкін. Әзірге, осындай жайттарға көңіл аударуға мәжбүрміз. Үміт үзгіміз келмейді. Мүмкін, тағы бір жолдама қолға тиер. Ал команда жаттығуды тоқтатпайды. Қазір құрам айтарлықтай жасарды. Жас әрі талантты боксшылар келесі Олимпиадаға дейін пісіп-жетіледі», – дейді бас бапкер Ерік Алғабек.

Олимпиада қатысатын боксшылардың нақты тізімі наурыздың соңында шығады. Ал, ұлттық құрама дәл қазір елордада жоспарлы жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button