Ұлттық құрама жасақталды
Бірер аптадан кейін волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионаты басталады. Биылғы бәсекені Иран қабылдайды және онда әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынбақ. Қазақстан құрамасы бұл сынға фаворит ретінде қатысады. Елордада өткен спартакиадада үздік ойыншылар анықталып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Ішкі біріншілікке 11 өңірдің құрамасы келген. Нәтижесінде, Қызылорда командасы топ жарды. Олар финалда атыраулықтармен жолығып, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Үздік үштікті Маңғыстау облысының командасы түйіндеді. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының құрамасы төртінші орынға тұрақтады. Олар соңғы сында Қостанай және Қарағанды құрамаларын айқын басымдықпен ұтты. Енді ерекше көзге түскен ойыншылар тағы бір дайындықты пысқытап, құрлықтық додаға аттанады.