Таэквондо шеберлері дайындыққа кірісті
Елордалық таэквондошылар да қызу дайындықты бастады. Нұрболат Жанбиров баптайтын спортшыларымыз алдымен физикалық бапты қалпына келтіріп, одан кейін шеберлікті шыңдауды қолға алмақ. Сондықтан қазір ашық аспан астындағы әзірлікке басымдық беріп жатыр. Ал, кешенді оқу-жаттығу жиыны алдағы айға жоспарланған. Жаттығу жұмыстарының қайта жанданғаны, әсіресе, Айтуар Шайкенов сияқты спортшыларға жақсы болды. Өйтені, олар Токио олимпиадасына қатысуға үмітті.
«Спорттық баптың шарықтау шегі болады. Яғни, спортшы өзінің физикалық және психологиялық дайындығын белгілі бір уақытта ең жоғары деңгейге жекткізеді. Біз үшін ол олимпиада ойындары өтетін мерзім екені анық. Бірақ, биыл ол болмайды. Бір жылға шегеріп тастады. Сәйкесінше, біз де барлығын басынан бастап, сол уақытқа лайықты дайындық жасауымыз қажет», – дейді таэквондодан спорт шебері Айтуар Шайкенов.
Бірақ, бапкері бұл қиындықтарға мойынсынбайды. Шәкіртін де мойымауға үгіттеп әлек. Қайта ең ауқымды спорттық шараның кейінгі шегерілуі тиімдірек екенін айтады.
«Физикалық немесе функционалдық тұрғыда дайындықты пысықтауға уақыт бар. Осы аралықта техника жағынан болсын, тактика жағынан болсын жетіспейтін нәрселерді толықтырып, жақсылап жетілуге болады», – дейді жаттықтырушы Нұрболат Жанбиров.
АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ