Садақ атудан әлем чемпионаты 2022 жылы өтеді
Садақ атудан биыл АҚШ-тың Янктон қаласында шымылдығы түрілуге тиіс әлем чемпионаты 2022 жылы өтетін болды. Бұл жайында айтулы спорт түрі бойынша халықаралық федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, – Egemen.kz тілшісі хабарлайды.
Садақ атудан тұңғыш әлем чемпионатының тұсауы сонау 1931 жылы сол кездері Польшаның қарамағында болған Львов қаласында кесілген еді. Сол кезден бері айтулы жарыстың жалауы 50 мәрте кесілді. Осы орайда ең мол олжаға кенелген АҚШ пен Оңтүстік Кореяның спортшылары екенін айта кеткен абзал. Америкалықтар 132 (63 алтын+37 күміс+32 қола) жүлде алса, корейліктер 111 (59+27+25) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Одан кейінгі орындарда Швеция (18+20+20), КСРО (14+8+4) және Польша (13+12+9) құрамалары.
Соңғы әлемдік дода былтырғы жылдың 10-16 маусым аралығында Нидерландтың Хертогенбос қаласында өтті. Осы жарыстың жалпы командалық есебінде Оңтүстік Корея көш бастады. Олар 3 алтын, 2 күміс және 3 қоланы олжалады. Екінші орынды Тайпей (3+0+1) иеленсе, АҚШ (2+2+0), Қытай (1+0+0) және Ресей (1+0+0) үздік бестікті қорытындылады.