Жаңалықтар
Республика күні қарсаңында ел абыройын асқақтатып жүрген елорда спортшыларына арнайы сый-сыяпат табысталды.
Бүгін, Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлы ХІХ Жазғы Азия ойындарында еліміздің рухын көтерген – спорт саңлақтарын қабылдап, лайықты құрмет көрсетті.
Атап айтқанда, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша аталған дода алаңында алғашқы болып Астана қоржынына қола жүлде салған жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Әділбек Мусин, семсерлесуден топтық бәсекеде қола – Назарбай Саттархан, велоспорт ерлер құрамасы құрамында Рамис Динмухаметов – қола, әйелдер күресі Жамила Бакбергенова – күміс, әртістік жүзуден әйелдер құрамасының мүшелері – Жания Жиенғазықызы, Әйгерім Құрманғалиева, Анна Павлецова, Жаклин Якимова – қола, көркем гимнастика шебері Эрика Жайлауова күміс медаль жеңіп алғаны үшін қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды. Оның ішінде, әйелдер күресінен талай белестерді бағындырып жүрген бүгінге дейінгі жетістіктері ескерілген Жамила Бакбергеноваға қаржылай сыйлықпен қоса 1 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
“Елорданың спортшылары 10 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 3 күміс және 6 қола. Спортшыларымыздың қайсарлығының, табандылығының арқасында жақсы нәтиже көрсетті. Әрбір медальдың артында тоқтаусыз жаттығулар, жеңіске деген жігер, отбасының, жанкүйерлері мен жаттықтырушыларының қолдауы жатыр. Сіздер – елордамыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы болып есептелесіздер. Жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын» – елорда әкімі.
Кездесуде спорт нысандарын дайындау, жабдықтау, спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мәселелері де талқыланды.