Жаңалықтар

Олимпиада талаптары күшейтілді

Сонымен, Токио олимпиадасы жоспар бойынша 23-ші шілдеде басталады. Иә, санамалап отырсақ осынша уақыт қана қалыпты. Бұл, әрине, спортшылар мен спорт жанкүйерлері үшін үлкен қуаныш. Үлкен мереке. Өйткені, қалыптасқан жағдайға байланысты жазғы ойындарды ұзақ күтуге тура келді. Олимпиада ойындары онсыз да төрт жылда бір өтіп жүр ғой. Ал, бұл жолғысы бесінші жылы ұйымдастырылмақ. Оның өзінде қалай болары әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Күн сайын, иә, сүн сайын жаңа талаптар шығады. Ережелер өзгереді. Шектеулер пайда болады дегендей. Бүгінге дейін нақты белгілісі шетелдік көрермендер жіберілмейді. Әр елден келетін делегация саны қысқартылады. Бұған қоса, спортшылар мен бапкерлер бұрынғыдай бірер апта бұрын емес, бір апта қалғанда ғана олимпиада қалашығына орналасады.

      Шектеудің бірі – олимпиада қалашығындағы қозғалысқа қатысты. Яғни, әр адам, мейлі ол спортшы болсын, мейлі ол бапкер не басшы болсын, енді белгіленген жерлермен ғана жүреді. Спорттық зал мен қонақ үйдің арасында ғана қатынайды. Бұрынғыдай қаланы аралап не қалаған бағытына кете алмайды. Бұндай әрекеттер ұйымдастырушылар тарапынан қатаң қадағаланбақ. Ал, егер ол бұзылатын болса, спортшы жарыстан шеттетіліп, өз еліне қайтарылады. Бұған қоса, короновирусқа қатысты тест жиі алынады. Жалпы жапон астанасына аяқ басқандардың барлығы тест нәтижесі бойынша ғана ары қарай жіберіледі. Ал, вакцина алу керек деген талап жоқ. Әзірге жоқ.

      Жалпы вакцинаға қатысты сұрақ көп. Біріншіден, оны алғандарға белгілі бір жеңілдіктер бар ма, жоқ па? Шектеулер алына ма, алынбай ма? Екіншіден, ұйымдастырушы тарап екпенің қайсысын ресми мойындайды? Өйткені, қазір оның небір түрі бар ғой. Мәселен, біздің елде 4-5 вакцина арасынан таңдау жасауға болады. Міне, осы және өзге де сұрақтар әлі күнге дейін жауапсыз қалып отыр. Соған қарамастан, отандық спортшылар жаппай вакциа жасатуға кірісті. Бүгінге дейін ұлттық құраманың 80 проценті осыдан өткен. Көбі отандық өнімді таңдап жатыр. Айтуларынша, ешқандай кері әсері жоқ. Жаттығу жұмыстары бірқалыпты өтіп жатыр. Ел намысын қорғайтын спортшылардың денсаулығы жіті бақылауда.

      Қазақстандық тарап спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ұлттық құраманы чартерлік рейс жалдап, бір ұшақпен апаруды жоспарлап отыр. Елге оралғанда да солай. Яғни, бір әуе кемесімен қайтады. Бұның барлығы вирустың таралуын мейілінше азайтады дейді мамандар. Айтпақшы, бұндай қауіп-қатер алдыңғы жазғы ойындарда да болды. Рио олимпиадасының алдында Оңтүстік Америкада зика вирусы тарап, әбден зәрені алған. Бірақ, ол олимпиада ойындарын өткізуге айтарлықтай кеселін тигізбеді.

      Иә, спортшылар мен бапкерлерге ғана емес, биыл олимпиададан ақпарат тарататын әріптестерімізге де оңай болмайын деп тұр. Өйткені, жаңа талаптар аясында жұмыс жасау қажет. Қазір барлығы тағатсыздана 1-ші шілдені күтіп отыр. Өйткені, іріктеу жарыстары осыған дейін жалғасады. Одан кейін ұйымдастырушы тарап арнайы жиын өткізіп, қатысушылардың  тізімін бекітеді. Айта кетейік, Қазақстан құрамасында қазір 70-ке жуық лицензия бар. Жоспар бойынша, көрсеткіш 100-ден асу керек. Неге 100-ден асу керек? Бұл өткен олимпиадалармен салыстамалы түрде алынып отыр. Яғни, Қазақстан соңғы жазғы ойындарға 100-ден кем спортшы апармады. Сәйкесінше, биыл да осы деңгейден түспеу мақсаты қойылған. Бірақ, ол орындалмауы мүмкін. Спортқа жауапты министрлік оны мойындайды. Өйткені, корновирусқа қатысты жағдай бір бөлек. Бұған қоса, биыл жеңіл атлетикаға қатысты талаптар күшейтіліп, іріктеуден өту қиындай түсті. Сонымен қатар, ауыр атлетикадағы допинг дауы бар. Яғни, ұлттық құрама бұрынғыдай барлық салмақ бойынша емес, ерлерден 1, әйелдерден 1 спортшы ғана пара алады. Қалай болғанда да жерлестерімізге сәттілік тілейміз! Айтулы аламанда ел намысты қолдан бермей, ел абыройын асқақтатды деген үміттеміз!

Автор: Аслан Қаженов

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button