Жаңалықтар

Кешігіп жеткен жүлделер

24 жылдың ішінде Қазақ елінің оғлан­дары бүгінге дейін алты жазғы Олимпия ойынында бақ сынап, еліміздің намысын лайықты деңгейде қорғап келеді. Өйт­кені жерлестеріміз ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде 70-ке жуық Олимпиаданың жүлдесін ел қоржынына салды. Өкінішке қарай допинг дауына байланысты бірнеше медальды кері қайтаруға мәжбүр болдық. Есесіне шетел спортшылары допингпен ұсталғанының арқасында біздің де спортшылар кешігіп жеткен жүлделеріне қол жеткізді.

Мәселен, күні кеше Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2012 жылы Лондонда жалауы желбіреген XXX Жазғы Олимпия ойындарында 5-орын алған даңқты балуанымыз Дәулет Шабанбайға Олимпиаданың қола жүлдесін табыстады. Қандасымыз Лондон боз кілемінде 120 кило салмақта бақ сынап, қола жүлде үшін болған белдесуде ресейлік Билял Маховтан 3:1 есебімен жеңіліп қалған еді. Ал осы салмақта өзбекстандық Артур Таймазов топ жарып, грузин балуаны Давид Модзманашвили күміспен күптелген. Алайда жарыс кезінде алынған допинг сынамасы қайта тексеруден өткен соң алтын мен күмісті бөліскен екі спортшының  тыйым салынған препаратты қолданғаны белгілі болды. Сөйтіп қола медаль иеленген ирандық балуан Комейл Гасеми мен Билял Махов Олимпиада чемпионы атанды. Ал осы балуандардан жеңілген Дәулет Шабанбай мен АҚШ спортшысы Тервел Длагнев автоматты түрде Лондон Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді.

Сонымен қатар 2016 жылы ХОК үш қа­зақстандық спортшыға Бейжің Олим­пиа­дасының медалі берілетінін мәлімдеді. Кейіннен бір саңлағымыздың Олимпиада чемпионы, екеуінің жүлдегер атанғаны белгілі болды.

2008 жылы Бейжіңде ұйымдастырылған төрт жылдықтың басты бәсекесінде ауыр ­атлет Алла Важенина 75 кило салмақта 266 (199+147) кило зілтемірді басынан асы­рып, күміс жүлдегер атанған-ды. Ара­да біраз жыл өткенде сол уақытта бас жүл­дені олжалаған қытайлық спортшы Лей Цаоның тыйым салынған препарат қол­данғаны дәлденіп, ХОК және CAS (Спорттық арбитраж сот) оны спорттан шеттетті. Содан соң Халықаралық ауыр атле­тика федерациясы (IWF) жүлделерді қай­тадан реттеп, Алла Важенинаға Олим­пиаданың алтынын табыстады. Бүгінде Важенина Ресей азаматтығын алған және сол елде тұрып жатыр.

Бейжіңдегі бәсекеде жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, жарысты төртінші орынмен аяқтаған Ольга Рыпакова 8 жылдан соң күміс жүлдегер болып шыға келді. Үш қарғып секіруден Олимпиаданың күмісі мен қоласын иеленген Татьяна Лебедева мен Крисопиги Деветци де допингпен ұсталып, жүлделерінен айырылды. Бір қызығы, Рыпакова Олимпия ойындарының толық жүлде жиынтығын иеленген еліміздегі бірінші спортшы атанды. Оның қоржынында енді Лондон Олимпиадасының алтын, Бейжіңнің күміс және Рионың қола жүлдесі бар.

2016 жылға дейін грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанып келген Нұрбақыт Теңізбаевтың да қоласы араға 8 жыл салып күміске ауысты. Өйткені ХОК Бейжіңде екінші орын алған әзербайжандық Виталий Рагимовтің нәтижесін жоққа шығарып, қазақ балуа­нына күміс жүлдені табыстады. Айта кетейік, Теңізбаев Олимпия ойындарының жартылай финалында дәл осы Рагимовтен 8:1 есебімен жеңілген еді.

Ал 2012 жылғы Лондон Олимпиа­да­сында 69 кило салмақта сынға түскен ауыр ­атлет Анна Нурмухамбетова қоссайыс қорытындысы бойынша 251 (115+136) кило зілтемірді көтеріп, небәрі бесінші орынмен елге оралған болатын. Алайда арада төрт жыл өткенде қола жүлде мен төртінші орын алған Беларусь елінің екі спортшысы – Марина Шкерманкова (қола) мен Дина Сазановецтің (4-орын) допинг қолданғаны анықталып, Шкер­манковадан ХОК жүлдесін қайтарып алды. Осылайша, бесінші орында қалып қой­ған Нурмухамбетова 2016 жылы Олим­пиаданың қола жүлдегері атанды.

Осыдан төрт жыл бұрын Бразилия­ның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олим­пия ойындарының ауыр атлеттер сайы­сын­да 85 кило салмақ дәрежесінде өнер көр­сеткен Денис Уланов жарысты төртін­ші орынмен қорытындылаған болатын. Қоссайыста ол 390 (175+215) кило сал­мақты еңсерді. Үшінші орынға табан ті­реген румыниялық Габриэль Синкраян­ның да нәтижесі дәл сондай еді. Десек те Син­краян салмағының аздығы арқасында қола медальды еншіледі.

Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін бірқатар зілтеміршінің допинг қол­дан­ғаны анықталды. Солардың қатарын­да Габриэль Синкраян да бар. Істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін румы­ниялық зілтемірші Олимпиаданың қола жүл­десінен айырылып, үлкен спорттан бір­неше жылға шеттетілді. Сөйтіп Риодағы доданың қола медалі Денис Улановқа табыс етілді.

Алмақтың да салмағы бар дегендей, Ха­лық­аралық Олимпиада комитеті де Қазақ­станның біраз медалін кері қайтарып алды. Өкінішке қарай, қазақ спортшылары жеңіп алған 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының 5 жүлдесін, 2012 жылғы Лондонда өткен доданың төрт бірдей алтынын араға жылдар салып ХОК өзінің лайықты иелеріне табыстады.

Атап айтар болсақ, ауыр атлеттерден Илья Ильин (алтын), Зульфия Чиншанло (алтын), Майя Манеза (алтын), Светлана Подобедова (алтын), Ирина Некрасова (күміс), Мария Грабовецкая (қола), балуандардан Таймураз Тигиев (күміс) және Әсет Мәмбетов (қола) жүлделерінен айы­рылды.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button