Харбин – 2025: Астаналық хоккейші арулар Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды

Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Харбин қаласында өткен жарыстың шешуші матчында ұлттық құрама Оңтүстік Кореяны 3:0 есебімен айқын жеңді.
Кездесудің алғашқы кезеңінде команда капитандарының бірі Малика Алдабергенова сан басымдығын тиімді пайдаланып, есеп ашты. Екінші кезеңнің басында елордалық Юлия Буторина жойқын соққымен есепті еселеді. Ойын соңына қарай Дария Молдабай тағы бір шайба соғып, Қазақстанның жеңісін түйіндеді.
Турнир барысында ұлттық құрама жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қытайдың Гонконг (12:0), Таиланд (9:0), Қытайдың Тайпейі (5:1), Қытай (2:1) және Оңтүстік Корея (1:0) командаларын тізе бүктірді. Тек Жапония құрамасына (0:4) жол берді.
Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Астана қаласынан жеті спортшы — Анастасия Оразбаева, Надежда Филимонова, Александра Щегай, Александра Воронова, Екатерина Куценко, Арина Щёколова және Юлия Буторина өнер көрсетті.
Бұл — Қазақстан әйелдер хоккей құрамасының Азия ойындарындағы 7-ші жүлдесі. Бұған дейін команда 3 алтын және 3 қола медаль жеңіп алған болатын. Ал Харбин-2025 ойындарында алғаш рет күміс медаль еншіледі.
Осылайша, Қазақстан шайбалы хоккейден Азия ойындарындағы табысты дәстүрін жалғастырып, тағы бір тарихи нәтижеге қол жеткізді!