Форма қазақша атаумен шығады
Ұлттық құраманың формасы қазақша атаумен шығады. Бұндай жағдай ел тарихында алғаш орын алғалы тұр. Бұл жөнінде ұлттық олимпиадалық комитет мәлімдеді. Аталмыш элементті өзгерту үшін Халықаралық Олимпиада комитетінен арнайы рұқсат алынған. Енді жерлестеріміз ата тілімізде жазуы бар формамен жарысқа қатысады. Спорттық киімдердің өзі аптаның аяғына дейін таныстырылады делінген хабарламада. Қазақстан ҰОК ана тілінде дайындалған олимпиадалық киім-кешектің маңызды элементтерінің бірі атлеттерге сенімділік беріп, олар үшін отандастарды қолдаудың символына айналатынына сенеді. Бұл ретте Қазақстан ХОК-тың үш әріптік кодтарының тізімінде KAZ белгісімен қала береді. Өйткені аббревиатура халықаралық стандартқа сәйкес пайдаланылады.
«Олимпиада ойындары – ең алдымен үздік атлеттер өз байрағымен шығатын достық пен бейбітшіліктің үлкен фестивалі. Бұл тек спортшылар үшін ғана емес, өз командаларын қолдайтын барлық жанкүйер үшін маңызды оқиға. Олимпиада кезіндегі кез – келген жабдыққа басты назар аударылады. Сондықтан ел атауының «QAZAQSTAN» деп жазылуы – ұлттық құраманы және бүкіл елді әлемдік қауымдастық алдында өте маңызды қадам болып саналады. Қазақ мәдениетінің ұлттық элементтері форма дизайнында халықтың салт-дәстүрлері мен өзіндік ерекшелігін ерекше атап өту үшін әрқашан да маңызды рөл ойнайтын. Біздің шетелдік әріптестеріміз жаңа жазуға жоғары баға берді. Біздің атлеттерге де форманың жаңа элементі ұнайтынына сенімдіміз. Олимпиадашылар – Қазақстанның шетелдегі маңызды елшілері. Сондықтан біздің отандастарымыз біздің командамызға – өз командасына қолдау көрсетеді деп үміттенеміз», – деп атап өтті еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитетінде.
Айта кетейік, қазақстандық спотшылар 82 жолдама жеңіп алды. Олар Бейжің олимпиадасында 8 бағыт бойынша сынға түседі. Әсіресе, шаңғы жарысында 30 жолдамамыз бар. Одан кейін конькимен жүгіру, шорт-трек және фристайлдан салыстырмалы түрде көрсеткіштер жақсы. Бұған қоса, ұлттық құрама шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы және шаңғы қоссайысы бойынша да жүлдеге қол созып көреді. Қазақстандық делегация Қытай астанасына 27-ші қаңдарда чартерлік рейспен жеткізіледі.